Қазақстан алпауыттар арасында теңгерім сақтай алды – Әзербайжандық сарапшы

АСТАНА. KAZINFORM — Биыл күзде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытай, АҚШ және Ресейге мемлекеттік сапарлар жасады. Әзербайжан астанасы Баку қаласындағы Саяси технологиялар орталығының президенті, саясаттанушы және «Vali Alibayov: Политика без иллюзий» аналитикалық видеоканалының авторы Вали Алибайов Kazinform агенттігіне берген сұхбатында Мемлекет басшысының сапарлары барысындағы коммуникацияның маңыздылығына тоқталып өтті. 

Әзербайжандық сарапшы: Қазақстанның сыртқы саясаты абстрактілі емес, функционалдық теңгерім
Фото: Вали Алибайовтың жеке архивінен

Сарапшы Қазақстанның үш ірі күш орталығымен теңгерімді сыртқы саясат жүргізу қабілеті туралы айта отырып, біздің еліміздің сыртқы саясатына кеңірек көзқараспен қарау қажеттігін тілге тиек етті. 

— 2025 жылы Президенттің бағдарламасы айтарлықтай ауқымды болды: БАӘ, Иордания, Түркияға сапарлары, аймақ ішіндегі кездесулер, Самарқандағы «Орталық Азия — ЕО» саммиті, Габаладағы Түркі мемлекеттері ұйымының отырысы… Бұл тұрғыда Бейжің, Вашингтон және Мәскеу сапарлары мүлдем басқаша. Өйткені, маңызды еместей болып көрінетін елдерге жасалған сапарлардың өзі Астанаға белгілі бір саяси және келіссөз салмағын береді. Президент негізгі астаналарға белсенді коммуникация, келісімдер, бірлескен жобалармен барады. Мұның бәрі оның позициясын күшейтеді. Осы орайда Қытай, АҚШ және Ресейге сапарлар Қазақстанның сыртқы саясатындағы жалпы бағытпен жақсы үйлеседі. Ел байланыстар желісін құрып отыр, яғни бір-екі бағытқа ғана сүйеніп отырған жоқ, — деді Вали Алибайов.

Оның айтуынша, Қазақстан әлемнің өте сезімтал нүктесінде орналасқан. Ресеймен ұзақ шекара, Қытай дәліздеріне тәуелділік, АҚШ және Еуропа арасындағы өзара өсіп келе жатқан байланыс, бұлардың барлығы әрі ресурс, әрі осалдық. 

— Сондықтан елдің «бір жақты таңдау жасауға» физикалық мүмкіндігі жоқ. Бір бағытқа тым қатты бұрылу екінші бағытта бірден проблемалар тудырады. Сол себепті мұндағы теңгерім әдемі формула емес, тіршілік ету мен тұрақтылық құралы. Қарапайым тілмен айтқанда, Қытай, АҚШ және Ресейге сапарлар — тең қашықтықты ұстанудың көрінісі. Бұл ірі ойыншылардың әрқайсысымен тікелей және тиімді коммуникация арнасын құру және сақтау. Қарым-қатынас күрделі болғанда, телефонды өшіріп қою емес, керісінше, оны қосуды жалғастыру маңызды. Қазақстан дәл осыны жасап отыр, — деді сарапшы.

Саясаттанушының айтуынша, Астананың міндеті — мүдделер тоғысқан кеңістікте өмір сүруді үйрену.

— Бақылау көрсетіп отырғандай, Қазақстан абстрактілі емес, функционалдық теңгерім құра алады. Қытаймен экономика және дәліздер, АҚШ-пен болашақ, технологиялар, жаңғырту, Ресеймен қауіпсіздік және логистика. Көріп отырғанымыздай, бағыттар бөлінген және бір нүктеге тоғыспайды. Дәл осылай мүдделердің тікелей қақтығысын болдырмай, көпвекторлы саясатты тек ұран деңгейінде емес, іс жүзінде жұмыс істейтін күйде сақтап отыр, — деді ол.

Сондай-ақ сарапшы Қазақстанның Шығыс, Батыс және Ресей арасындағы сыртқы саяси теңгерімінің басты қағидатын атап өтті.

— Егер өте қысқа түйіндесек, басты қағида мынадай: бірде-бір бағытқа сыни тәуелді жағдайға түспеу. Барлығымен «достық» емес, осал тұстарды, тәуекелдерді басқару. Қазақстан Шығысқа да, Батысқа да, Ресейге де әртүрлі тұрғыдан маңызды болатын жағдайда тұр. Егер бір бағыт тым басымдық ала бастаса, ел автоматты түрде басқа күш орталықтарының қысымына түседі. Шығыс, ең алдымен Қытай және кеңірек алғанда азиялық трек, бұл логистика, өнеркәсіп, инфрақұрылым. Батыс — технологиялар, инвестиция, заманауи қаржылық және құқықтық тәжірибелерге қол жеткізу. Ресейге келсек, қауіпсіздік, энергетикалық байланыс, транзит және адами фактор. Қазақстан мұның бәрін бір «супероське» біріктіруге талпынбайды. Керісінше, әр бағыттың өз рөлін айқындап, функцияларды ажыратады, — дейді В. Алибайов.

Оның айтуынша, аталған модельдің жұмыс істеуінің бірнеше себебі бар. Ең алдымен, бұл тек Астананың ұстанымына ғана емес, сонымен қатар ірі халықаралық ойыншылардың мүдде тепе-теңдігіне байланысты. Қытай Қазақстанмен тұрақты өзара іс-қимылды сақтауға мүдделі. Өз кезегінде Батыс елдері өңірмен конструктивті диалог жүргізуді көздейді. Қазіргі күрделі жағдайларға қарамастан, Ресей де Астанамен жұмыс деңгейіндегі қарым-қатынасты сақтауға дайын екенін көрсетіп отыр. Осы факторлардың жиынтығы Қазақстанға сыртқы саяси маневр жасау үшін белгілі бір кеңістік қалыптастырады.

— Сонымен қатар, Қазақстан сыртқы саясаттың өз қағидаттарын дәйекті түрде ұстанып келеді. Ел жекелеген мемлекеттерге қарсы бағытталған форматтарға қатыспайды. Қытайға қарсы немесе Ресейге қарсы бастамаларға араласудан тартынады, бірақ сонымен бірге АҚШ және Еуропамен ынтымақтастыққа ашық. Мұндай тәсіл ірі халықаралық серіктестерге Қазақстанның позициясын теңгерімді ретінде қабылдауға мүмкіндік береді. Мүмкін келіспеушіліктер болса да, Астана олардың негізгі мүдделеріне қайшы әрекет етпейді. Күрделі халықаралық жағдайда мұндай болжамдылық маңызды артықшылыққа айналады, — дейді саясаттанушы.

Одан бөлек, әзербайжандық саяси сарапшы ішкі аспектіге де назар аударды.

— Қазақстан қоғамы біртекті емес: түрлі әлеуметтік және мәдени топтар әртүрлі сыртқы орталықтарға Ресейге, Түркияға, Батыс елдеріне немесе ислам әлеміне бағдар ұстайды. Мұндай жағдайда сыртқы саясаттағы теңгерімді сақтау ішкі тұрақтылықты қамтамасыз етудің маңызды тетігіне айналады. Біржақты бағытқа ғана бет бұру ел ішіндегі шиеленісті күшейтуі мүмкін еді. Сондықтан қазіргі модель өзінің икемділігі мен әртүрлі қоғамдық күтулерді ескере алу қабілеті арқасында өміршең болып отыр, — дейді ол.

Одан әрі Вали Алибайов Қазақстанның Қытаймен стратегиялық әріптестікті тереңдете отырып, АҚШ-пен диалогты қолдап, сонымен қатар олардың арасындағы жаһандық қайшылықтарға қарамастан Ресеймен тұрақты қарым-қатынасты сақтай алуы туралы айта келе, еліміздің халықаралық саясатта жауапты қатысушы ретіндегі рөліне тоқталды. 

— Жауапкершілік — болжамдылық, дәйектілік және қиын жағдайларда да диалог жүргізуге дайындық арқылы көрінеді. Ел өзге державалар арасындағы текетірестерді өткізу механизмі көзіне айналмайтынын көрсетеді. Орталық Азияда бұл ерекше маңызды, өйткені, өңір ұзақ уақыт бойы сыртқы ықпалдар кеңістігі ретінде қабылданып келді. Қазақстан Шығыс, Батыс және Ресеймен өз ұстанымын сақтай отырып, ешқандай күрт өзгерістерсіз диалог жүргізгенде, бұл оның салмағын арттырып, өңірлік процестердің ықтимал модераторы ретіндегі рөлін күшейтеді, — деп атап өтті ол.

Саясаттанушының айтуынша, Астана бар форматтарды бұзбай, оларды тиімді пайдаланады, мысалы БҰҰ, ШЫҰ, C5+1, түркі алаңдары. 

— Бұл да жауапты мінез-құлықтың бір элементі, қолданыстағы жүйені күйретпей, ондағы тәуекелдерді азайтуға ұмтылу. Осы тұрғыдан алғанда, мемлекеттік сапарлар Қазақстанның геосаяси «революционер» болуға талпынбай, тұрақтылық пен ойластырылған қадамдарға басымдық беретін мемлекет ретіндегі имиджін күшейтеді. Қасым-Жомарт Тоқаевтың белсенді сыртқы саясаты көлік, энергетика, су ресурстары және қауіпсіздік салаларындағы өз бастамаларын ілгерілетуге мүмкіндік береді, тек сыртқы ұсыныстарға жауап берумен шектелмейді. Әрине, сыртқы факторлар ықпалын жалғастыра береді. Бірақ, Қазақстанның өз бастамалары мен ресурстары қаншалықты көп болса, елдің өзгелердің сценарийіне еріксіз ілесіп кету қаупі соншалықты азаяды. Жетекші елдерге жасалған сапарлар ел ішінде қалыптасқан мүмкіндіктер мен дәлелдерді нығайтатын қосымша ресурс ретінде қызмет етеді, — деп түйіндеді сарапшы.

Еске сала кетейік, таяуда ғана Әзербайжан Орталық Азия басшылары Консультативтік кездесуінің тең құқылы мүшесі атанды

Соңғы жаңалықтар