Әзербайжанға Орталық Азиядан келген әрбір екінші турист – Қазақстаннан

  Әлім Байель Баку мэрі Эльдар Азизов
Фото: Серікбол Қошмағанбетов / Kazinform

АСТАНА.  KAZINFORM – Өткен жылы Әзербайжанға Орталық Азиядан барған әрбір екінші турист Қазақстаннан келген. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Әзербайжандағы Елшісі Әлім Байель Баку мэрі Эльдар Азизовпен кездесуінде айтты. 

«Бүгінде Баку екі ел арасындағы екіжақты саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық қатынастарды дамытуда ерекше маңызға ие. Біз қазақстандықтардың Әзербайжан мегаполисіне деген қызығушылығының артып келе жатқанын байқап отырмыз», - деді Әлім Байель.

Әзербайжан Республикасының Мемлекеттік шекара қызметінің мәліметінше, қазақстандықтар 2024 жылдың қаңтар-сәуір айларында Әзербайжанға келген шетелдіктер арасында бесінші орында тұр.

«Жалпы, өткен жылы Әзербайжанға Орталық Азиядан сапар жасаған әрбір екінші турист Қазақстаннан келген», - деді дипломат.

Әлім Байель Баку мэрі Эльдар Азизовпен
Фото: Серікбол Қошмағанбетов / Kazinform

Елші сондай-ақ Бакуді БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі жөніндегі негіздемелік конвенциясы – COP29 Тараптар Конференциясының 29-шы сессиясын өткізуімен құттықтады.

«Қазақстан бұл шараға белсене қатысады және Әзербайжанға саммитті сәтті ұйымдастыруға жан-жақты қолдау көрсетуге дайын», - деді Қазақстан миссиясының басшысы.

Әлім Байель Баку мэрі Эльдар Азизовпен
Фото: Серікбол Қошмағанбетов / Kazinform

Өз кезегінде Эльдар Азизов бауырлас Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы ерекше қарым-қатынасқа, сондай-ақ ынтымақтастықтың қазіргі жоғары деңгейіне жетуде президенттер Ильхам Әлиев пен Қасым-Жомарт Тоқаевтың рөліне назар аударды.

«Әзербайжан бизнесі Қазақстанда белсенді жұмыс істеп жатыр. Мен қазақстандық бизнес өкілдерін Бакуге жұмыс істеуге шақырғым келеді. Мэрия қазақстандық кәсіпкерлерге түрлі салаларда, соның ішінде құрылыс саласында қолайлы жағдай жасауға дайын», - деп атап өтті Баку қаласы атқарушы билігінің басшысы.

Екіжақты ынтымақтастықты дамытудың нақты шараларын талқылай отырып, тараптар Баку мен Астана арасындағы достық байланысты дамытудың алдағы қадамдарын қарастырды.

Соңғы жаңалықтар