Азғыр полигонының зардабы әлі зерттелмей отыр

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысында жерасты сынағы жасалған екі әскери полигон болған. Құрманғазы аудандық мәслихатының депутаты Мансұр Қуаншалиевтің пікірінше, Азғыр полигонының зардабы әлі толық зерттелмей келеді.

а
Фото: Атырау облыстық экология департаменті

— Мансұр Әбілұлы, Азғыр полигонында жерасты жарылысы қашан басталған? Қанша рет жарылыс жасалған?

— Азғыр полигоны Құрманғазы ауданындағы Азғыр ауылының маңында орналасқан. Кеңес одағы кезінде полигон үшін 300 гектар жер телімі берілген. Себеп — жер астындағы тұз қабатында ядролық сынақ жүргізу. Мұнда ядролық сынақ жүргізу үшін 10 технологиялық алаң дайындалған. Жарылыстың ең тайызы 161 метр, ал тереңі 1491 метрде жасалған. Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы ұсынған ақпаратқа сүйенсем, 1966-1979 жылдар аралығында алаңдарда 1491-1613 метр тереңдікте қуаты 10 килотоннадан 100 килотоннаға дейін 17 жерасты ядролық жарылыс жасалған. 

Ал салдарына келсек, 1966 жылы А1 технологиялық алаңындағы алғашқы жарылыстан соң радионуклиттер жер бетіне шығып кеткен. Бұдан соң 1978 жылы А9 технологиялық алаңында жарылыстың салдарынан диаметрі 600 метр жер бедері 35 метр тереңдікке дейін төмен түскен.

депутат
Фото: Мансұр Қуанышалиевтің жеке архивінен

— Полигондағы технологиялық алаңдарда ядролық сынақтан кейін су мен топырақ құрамы зерттелген бе? 

— Азғыр полигоны аумағындағы радиациялық жағдайды бірнеше ғылыми мекеме зерттеген. Мәселен, 1991 жылға дейін Санкт-Петербург қаласында орналасқан Хлопин атындағы Радий институты, 1995 жылға дейін Арзамас қаласындағы Бүкілресейлік эксперименттік физика ғылыми-зерттеу институты, 1996 жылға дейін Қазақстан Ұлттық ядролық орталығының Радиациялық қауіпсіздік және экология институты, 1996 жылдан қазірге дейін Ядролық физика институты жүргізді.

Жарылыс алаңдарында пайда болған тұз қабаттарының қуысында 77-ден 1500 кюриге дейін альфа-активті нуклид, 450-ден 50000 кюриге дейін бета-активті нуклид сақталып, радиоактивті заттар ыдырау процесі бар. Тұз қабаттарындағы қуыстар түгелге жуық жерасты суына толған. Бұл дегеніміз — радиоактивтік тұздықтар жерасты суының ағынымен жан-жаққа тарап, өзен-көлдермен жалғасып жату қаупі бар деген сөз. 

Мәселен, 2006-2007 жылдары жарылыс алаңдарында өсімдіктер мен топырақтағы радий мен цезий көлемі 6500 беккерель/кг дейін көрсетті. Жерасты суы ағынымен радиоактивті тұздықтардың таралуы, радиоактивті топырақтың желмен шаң-тозаң түрінде ауаға ұшуы, радиоактивті газдың атмосфераға жайылуының зардабы орасан зор болуы мүмкін. Радий-цезийдің және радий-стронцийдің жартылай ыдырау мерзімі 27-30 жылға, плутонийдің 238, изотоптың 90 жылға, плутоний 240-тің 6600 жылға, ал плутоний-239 ыдырауы 24 мың жылға созылатынын ескерсек, онда Азғыр маңының адам денсаулығына аса қауіпті әсері ұзақ мерзімге жалғасатынын, тіпті мәңгілік болуы мүмкіндігін де жоққа шығара алмаймыз. 

Бұдан бірнеше жыл бұрын Азғыр ауылынан 1 шақырым қашықтағы № 1081 бұрғысында стронций 25600 мкг/л болды. Ал норма бойынша стронций 100 мкг/л болуы керек. Бірақ, су құрамындағы стронцийдің табиғи, әлде изотопты түрі екені белгісіз. 

Барий Азғырдың № 1 құдығында 271 мкг, ал № 4 құдықта 240 мкг/л. Бұл элемент те норма бойынша 100 мкг/литрден асып тұр. Ал марганец № 2002 гидрогеологиялық бұрғысында 1160 мкг/л, № 2004-те 350 мкг/л, № 2005-те 277 мкг/л, № 1081-де 807 мкг/л. Ауыл тұрғындары суын ішетін № 2 құдықта 2230 мкг/л, «Бұлақ» құдығында 442 мкг/л. Бұл да нормадағы шектен асып кеткен.

Темірдің үлесі норма бойынша — 300 мкг/л. Алайда № 2002 гидрогеология бұрғысында 7070 мкг/л көрсетті. Міне, осындай деректен ауыз су құрамының санитарлық талапқа сай емесін байқаймыз. Демек, жерасты суы таза емес.

азғыр
Фото: Атырау облыстық экология департаменті

— Ядролық сынақ салдары тұрғындар денсаулығына әсер еткен бе?

— Полигонның тұрғындар денсаулығына әсері жоқ деуге болмайды. Оның мынадай себебі бар. Менің қолымда Азғыр ауыл округіндегі учаскелік аурухана дәрігерінің мәліметі бар. Онда 1990-2004 жылдары Азғыр және Балқұдық ауылдарынан 416 адамның (214 ер, 202 әйел) қайтыс болғаны жазылған. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі 53 жасөспірім, 29 жасқа дейінгі 17 ересек бар. Осы жылдары 39 жасқа дейінгі 27, 50 жасқа толмаған 28, ал 59 жасқа дейінгі 33 адам бақилық болған. 

Тұрғындардың көз жұмуына бірнеше ауру себеп болғанын айтқым келеді. Мәселен, қатерлі ісік ауруынан қайтыс болғандар жыл сайын тіркеледі. 1990-2004 жылдары дәл осы аурудың салдарынан — 69, қан айналымы жүйесіндегі сырқаттан — 85, тыныс алу жолындағы кеселден — 52 адам бақилық болған. Ал ас қорыту жүйесі бұзылғандықтан 12 адам қайтыс болғаны тіркеліп отыр. Суицидтен 14 адам о дүниеге аттанды. 

Азғыр полигонының зардабынан лейкемия ауруына ұшырағандар аз емес. Нақты мысал келтіретін болсам, Азғыр ауылынан 10 жасар оқушы Г.Жанғазиева, тұрғын Сансызбай Салиховтың сәбиі (іштен туабіткен), мал дәрігері Е.Ботағарин, Балқұдық орта мектебінің мұғалімі Б.Қапаева лейкемиядан мезгілсіз өмірден озды.

— Азғыр полигонына қатысты мәселелер әлі күнге шешілмей келеді. Қандай да бір ұсынысыңыз бар ма?

— Полигонның іргесіндегі Азғыр ауылына қатысты өмірлік маңызы бар ұсыныстарды айтқаныма бірнеше жыл болды. Біріншіден, ядролық сынақ жасалған алаңның бәрі аса қауіпті деп есептеймін. Сол себептен, әр алаңның айналасына радиоактивті топырақтың желмен көтеріліп ұшуын тежейтін тал-терек егу арқылы көгалдандыру қажет. Екіншіден, жарылыс алаңдары төңірегінің гидрогеологиялық картасын жасақтау керек. Бұл жерасты суы ағынының бағытын анықтауға, алдын алу шараларын жүргізуге ықпал етер еді. 

полигон
Фото: Атырау облыстық экология департаменті

Үшіншіден, облыстық, республикалық, деңгейде Азғыр ядролық сынақ алаңдарына іргелес орналасқан елді мекендерді экологиялық сауықтыру және әлеуметтік қорғау бағытында арнайы бағдарлама қабылдау керек. Мұндай бағдарламаның шекараға жақын орналасқан елдімекендерден тұрғындардың көшу қарқынын тоқтатуға септігі тиеді. Өйткені, шекара маңындағы ауылдарда тұрғындарды тұрақтандыру — аса маңызды геосаясат. Төртіншіден, шекараға, Азғыр полигонына жақын орналасқан ауылдарға қатынайтын жол мәселес түпкілікті шешілмей келеді. Бұл — тұрғындар үшін өмірлік маңызы бар мәселе. 

Бесіншіден, Азғыр полигонына жақын ауылдардың тұрғындарының денсаулығын тексеруге мән берген жөн. Осы мақсатта Құрманғазы ауданының орталығы — Құрманғазы ауылынан аудан сауықтыру, не оңалту орталығын ашу қажет. 

Ең басты ұсынысым — Азғыр полигонының зардабын толық зерттеуге баса назар аудару қажет. Мұны аудандық мәслихат депутаты ретінде көтеріп жүрмін. Қазір бұл мәселеге назар аудармасақ, кейін кеш болатыны анық. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Ресеймен шекарадағы 10 ауылға баратын жолда әлі күнге асфальт жоғын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар