Ажырасу қоғамда қалыпты жағдай ретінде қабылдана бастады – ардагер ұстаз

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысында ажырасу деректері неліктен көбейіп отыр? Оның себеп-салдары қандай? Екі бөлек кетуге бекінген ерлі-зайыптылар балаларын неге ойламайды? Осы сауалдар төңірегінде Kazinform тілшісі бірнеше мекеме мамандарымен, жұртшылық өкілдерімен тілдесіп көрді.

брак
Фото: Алина Тулеубаева/Kazinform

Ажырасу деректері азаймай тұр

«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ Батыс Қазақстан облысы бойынша филиалы директорының орынбасары Данагүл Қауметованың мәлім еткеніндей, «Орал қаласының азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі» мемлекеттік мекемесі арқылы 2023 жылы некені бұзуға 697 арыз тіркелген. Соның ішінде сот арқылы 190 жұптың некесі бұзылған. Ал 1 шілдеден бастап желтоқсан айының 31-іне дейін 310 неке бұзылса, соның 72-сі сот арқылы ажырасқан.

Данагүл Нұрланқызының түсіндіруінше, Неке және отбасы (ерлі-зайыптылық) туралы кодексінің 238 және 240-баптары бойынша некені бұзуға арыздар қаралып, шешімдер қабылданады:

  1. Ерлі зайыптылардың бірлескен өтініші бойынша;
  2. Кәмелетке толмаған ортақ балалары болмаған кезде және мүлік бөлісу болмаған жағдайда.

Ерлі-зайыптылардың ортақ кәмелетке толмаған балаларының болуына қарамастан, некені бұзу ерлі-зайыптылардың біреуінің өтініші бойынша:

  1. Сот шешімі бойынша хабарсыз кету;
  2. Сот шешімі бойынша әрекетке қабілетсіз болып тану;
  3. Сот үкімі бойынша 3 жылдан жоғары сотталған жағдайда шешім қабылданады.

«Ажырасу мерзімі – 1 ай (30 күн). Арыз бергеннен кейін екінші күннен саналады. Белгіленген күні екі адам бірге міндетті түрде АХАТ бөлімдеріне келуі тиіс. Егер біреуі келмей қалса, ажырасу болмайды. Сондай жағдайда қайтадан бірлесіп арыз жазады, 1 ай (30 күн) мерзімі беріледі. Егер екінші рет келмеген жағдайда, нотариалдық келісім бойынша ажырасуды тіркеуге болады», - дейді филиал директорының орынбасары.

данагүл
Фото: «Азаматтарға арналған үкімет»

Бір айта кететін жайт, 2019 жылдың 10 желтоқсанына дейін ажырасқаны туралы куәлік беріліп келген. Ал аталған мерзімнен бастап соттың шешімдері соңғы құжат болып табылады, яғни куәлік берілмейді.

«Мәліметтерге сүйенсек, ажырасудың себептері бірге өмір сүру және отбасын сақтау мүмкін емес болғандықтан, араларында түсініспеушіліктің пайда болуы, мінез-құлықтарының келіспеуі, жұбайлардың өмірге деген қөзқарасы сәйкеспей, ортақ түсіністікке келе алмауы, материалдық қиындықтар, жұмыссыздық, бір жақтың ішімдікке салынуы, бедеулік жағдайлары болып табылады», - дейді Д. Қауметова.

БҚО сотының баспасөз хатшысы Нұргүл Қанатбаеваның нақтылауынша, облыста 2020 жылы – 1 535, 2021 жылы – 1 489, 2022 жылы – 1 463, 2023 жылы 1 528 жұп сот арқылы ажырасқан. Бұдан алдыңғы жылмен салыстырғанда, 2023 жылы ажырасқандардың көбейгенін аңғаруға болады. Жалпы, өткен жылы сотқа 3 080 арыз түссе, соның 1 528-і қанағаттандырылған. 15-і медиация жолымен татуласқан.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің»

Орал қаласы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығының психологі Әсем Жақсымбетова ұзақ уақыт бойы отбасылық зорлық-зомбылық тек физикалық (егер ол ұрса) болып саналып келгенін айтады.

орал
Фото: Орал қаласы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы

Қазір зорлық-зомбылыққа мыналар жатады: экономикалық, психологиялық, жыныстық. Әдетте зорлық-зомбылық бір ғана түрімен шектелмейді. Әр түрлі пропорцияда барлық дерлік түрлері болады. Сонымен қатар зорлық-зомбылық бірінші соққыдан немесе айқайдан емес, әлдеқайда ертерек, жұбайының мінез-құлқындағы байқалмайтын өзгерістерден басталады. Біртіндеп отбасы өмірінің барлық салаларына енеді. Ең қиыны, адамның тірегінің азаюы, яғни оны туыстары қолдамаса, жағдай шиеленісе түседі.

«Дағдарыс орталығында жұмыс істеген кездегі тәжірибем бойынша айтарым, жәбірленуші барар жері, басар тауы қалмай, көмектесетін адам болмағаннан кейін бізге жүгінеді. Былайша айтқанда, мәселе шырқау шегіне жетеді. Орталыққа келген соң ажырасуға, алимент алуға өтініш беріледі және ажырасу процесіне қатысады. Жалпы, отбасындағы зорлық-зомбылық сол жанұяда әйелге деген қарым-қатынастың дұрыс болмауынан туындайды. Жәбірленуші шыдамды болса, бұл байланыс ұзаққа созылады», - дейді Әсем Закарияқызы.

әсел
Фото: Орал қаласы тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған дағдарыс орталығы 2013 жылдан бері жұмыс істеп, сегіз бағыт бойынша қызмет көрсетіп келеді. Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандары полиция департаментінің жолдамасымен қабылданады. Олармен психолог, заңгер, фельдшер, әлеуметтік қызметкер, әлеуметтік жұмыс жөніндегі кеңесші, мәдени ұйымдастырушы жұмыс істейді. Балаларына тәрбиеші қарайды. Олар орталықта 6 айға дейін тұра алады. Осы уақыт ішінде көрсетілетін қызметті алушылар өздеріне келеді. Орталық қызмет алушыға жан-жақты көмек көрсетеді.

«Ажырасуға көбіне ерлі-зайыптылардың бірінің маскүнемдікке, нашақорлыққа салынуы, лудоманияға шалдығуы, тұрмыстық зорлық-зомбылық, зинақорлық, сондай-ақ өзара үйлесім таба алмауы себеп болады. Проблемалық мәселелердің көпшілігі отбасынан басталады. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, осындай ортада өскен бала есейгенде жұбайына немесе жақын туыстарына күш қолдануы мүмкін. Егер ерлі-зайыптылар бірін-бірі қолдап, балаларына дұрыс тәрбие беріп, үлгі көрсетсе, отбасында тыныштық орнайды. Түптеп келгенде, әр ересек адам балаларын тәрбиелеуге жауапты болуы керек. Сонда олар сүйіспеншілік пен қамқорлықты сезініп, алаңсыз өседі, жаман ғадетті бойына жинамайды», - деді Ә. Жақсымбетова.

Ғазиза Рахметова
Фото: Ғ. Рахметованың жеке мұрағатынан

Ұстаз аналардың ұстанымы қандай?

Ардагер ұстаз Ғазиза Рахметова Біріккен Ұлттар Ұйымының 2020 жылғы World Population Review зерттеу деректеріне сәйкес Қазақстан ажырасу бойынша әлемде Мальдив аралдарынан кейінгі екінші орында тұрғанын айтады. Біздің елімізде әр 1000 адамға 4,6 ажырасудан келеді екен. Бір кездері отбасылық құндылықтар мен имандылықты жоғары қойған қазақ үшін бұл жақсы көрсеткіш емес.

«Әрине, ажырасудың сан себептерін атап беруге болады. Бірақ мен өзім күнделікті өмірде көріп, көңіліме түйіп жүрген нәрселерге тоқталсам деймін. Мектепте 45 жыл ұстаздық еткеннен кейін зейнет жасына жеткен соң Теректі ауданы Ақжайық ауылында күні бүгінге дейін аналар кеңесінің төрайымы болып келдім. Осы жылдар ішінде ажырасуға себеп болған біраз оқиғаның куәсі болдым. Мәселен, қоғамда «ажырасуға көбіне маскүнем еркектер себеп болады» деген жалған тұжырым бар. Алайда мен жұмыс барысында ішімдікке салынып, ақыр соңы отбасын ойран қылған талай әйелмен бетпе-бет келдім. Арақ ішкен соң жұбайының көзіне шөп салып, тура жолдан айнып кетуі қиын емес. Әлбетте, керісінше еркегі арақ ішіп, отбасының шырқын бұзатын, әйелі мен балаларын соққыға жығып, ақыры зорлық-зомбылыққа шыдай алмаған соң шиеттей балаларымен ажырасып тынған отбасыларды білемін.

Мектепке жиі барып, оқушы қыздар арасында «Бүгінгі бойжеткен – ертеңгі ана» тақырыбында қыздар тәрбиесіне байланысты дәріс беріп тұрамын. Сонда қыз тәрбиесін уыстан шығарып алғанымызды байқаймын. Баттасып боянып отыратын оқушы қыздардың боғауыз сөздерді еркін қолдануы, бір-бірімен төбелесе кетуі жаныңды шошытады. Осындай тәрбиесіз қыздар болашақта ерінен бір саты төмен тұратын, отбасы құндылығын сақтай алатын келін болып шыға ала ма?» – деп қынжылады зейнеткер ұстаз.

Ғазиза Рахметова
Фото: Ғ. Рахметованың жеке мұрағатынан

Ал «қызға қырық үйден тыюды» үйретуі тиіс аналар карта ойнап, құмар ойынның соңында жүр. Отбасының ұйытқысы болуы тиіс аналардан қадір-қасиет кеткен соң, әлбетте, соны көріп өскен қыздардың да отбасын құрып, ынтымағын кіргізіп, бесік тербетуге еш дайындығы болмайтыны түсінікті. Сайып келгенде, мұның бір себебі – отбасында қыз тәрбиелейтін иманды аналардың жоқтығы, мектептегі тәрбие ісінің әлсіздігі, идеологияның жоқтығы.

Ажырасудың қазіргі заманда себептері өте көп. Дегенмен, шаңырағым шайқалмасын десеңіз, бірнеше құндылықты тиісті деңгейде сақтағанда ғана құрылған отау ордалы болмақ. Оның ең әуелгісі – сенім. Бір-бірінен қуыстану, орынсыз қызғаныш, шынайы сүйіспеншілік пен махаббаттың жетіспеушілігі осы сенімсіздіктен туындайды. Егер ерлі-зайыпты екеуінің бір-біріне сенімі берік болса, отбасының ұйытқысы артады. Отбасындағы екінші құндылық – сүйіспеншілік. Сүйіспеншілік берік болса, қорған да мығым, отбасы да мызғымайды. Абай айтқандай, «Ғашықтық тілі – тілсіз тіл, көзбен көр де, ішпен біл». Үшінші құндылық – бала, ұрпақ, әулет. Отбасы бала, ұрпақ болғанда ғана толыққанды отбасы деген ұғымға ұласады. Оған дейін «жас жұбай» немесе «ерлі-зайыпты» болып қана аталады.

Ертедегі билеріміз қанша қиын даудың шешімін тапқан. Алайда қазақ тарихында ене мен келін дауы болмаған. Керісінше, Зере мен Ұлжандай, Айғаным мен Зейнептей ынтымағы жарасқан ене мен келіндер ұрпағына үлгі-өнеге бола білді. Соның нәтижесінде Абайдай ақын, Шоқандай ғалым туды. Енесін анасынан, келінін қызынан кем көрмеген тату шаңырақтың түтіні түзу шығады.

«Келін мен ене дауының осы заманда түйткілді мәселе болып отыруы – қыздарымыздың тәрбиесі мен үлкен аналарымыздың ошақ қасындағы өз рөлін шатастырып алуынан деп білемін. Отбасын анасы билейтінін көріп өскен қыз келін болып түскен үйіне келіп, анасынан көргенін істегісі келеді. Табиғаттың заңдылығы – бұл үйдегі ене билікті қолынан шығарғысы келмейді де, екеуінің арасында текетірес басталады. Осы сәтте ене өзінің іс-әрекетіне есеп беріп, терең ойланып, келген келінді бауырына басып, даналықпен тәрбиелеуі керек. Тәрбиенің ең бастысы – әйел адамның еркек кісіден бір саты төмен тұруынан басталғаны жөн. Отбасының тағы бір тірегі – ақыл. Ақылды ер, парасатты жар болмаса, ол да отбасының ғұмырлы болуына кесірін тигізеді. Жалпы, әйел ердің материалдық қана емес, рухани да жарылқауына зәру. Бүгінде көп отбасындағы проблема осы. Ері мен әйелдің арасындағы рухани әңгіменің жоқтығы, күйеуінің ошақ басшысы ретінде бұған көңіл бөлмеуі, әрдайым әйел мен баланы тиісті түрде тәрбиелеп отырмауы – бәрі-бәрі ілім мен ақылға келіп тіреледі. Отбасындағы кикілжіңдер осындай «дәрумендердің» жетіспеуінен шығады», - деп түйді ойын Ғ. Рахметова.

Ғазиза Рахметова
Фото: Ғ. Рахметованың жеке мұрағатынан

Жаңақала аудандық аналар кеңесінің төрайымы, ардагер ұстаз Ақмарал Сапарова еліміздегі ауыр дерттің бірі ажырасу екендігіне екпін түсірді. Оның пайымдауынша, емделуге көнбей, асқынып бара жатқан бұл дертпен топтасып күресушілер аз. Көптің арасында «Бұл – сіздің өз мәселеңіз, өзіңіз шешіңіз» деп, қиналғандарға еш алаңдамастан айтушылар көбейді. Бұл жерде қиналып жүргендердің жеңгелерін, жезделерін, достарын т.б. айтуға болады.

Ақмарал Сапарова
Фото: А. Сапарованың жеке мұрағатынан

Ажырасу әлеуметтік қиындыққа айналып, енді тіптен қоғамда қалыпты жағдай ретінде қабылдана бастады. Бұрынғы кезге қарағанда, әрбір адамның серігін, жарын өз еркінше таңдауға көп мүмкіндік берілді. Алайда таңдау кеңістігі кеңейгенмен, отбасы беріктігі нығайып жатқаны шамалы. Әйелдер ғана емес, ер адамдарда, жалпы қоғамда эгоцентристік (менмендік) көзқарас басым болып бара жатқаны анық байқалады. Гендерлік құқық заңнамасы қабылданған соң, әйелдер құқығы қоғамда айқын көрініс таба бастағаннан кейін ажырасу фактісі көптеп тіркеле бастаған. Оның басты себебі – екі жақтың теңдігіне құрылған еуропалық үлгідегі әйелдердің өз-өздерін қамтамасыз ете алатындай дәрежеге жеттік деген түсінігі. Ажырасушылар бауыр еті баласының жайын ойламағаны – үлкен қайғы. Әсіресе, нәзік жандылардың мейірімі жоғары болуға тиіс емес пе?

«Ажырасудан өте үлкен соққы көретін, психологиялық тұрғыдан қатты қиналатын балалар ғана. Мұның барлығы санамызда «өзім үшін өмір сүремін» деген ойдың қалыптасуына әкелгені өкінішті. Менің түсінбейтінім, өзі үшін өмір сүру дегеніміз – қаталдық, мейрімсіздік емес пе? Қай елде де, қай жерде де, қандай өркениетте де «бумеранг заңын» ешкім, еш нәрсе жоққа шығара алмаған. Қазақи бағытта айтсақ: «Не ексең, соны орасың. Атаңа не істесең, алдыңа сол келеді». Дәл осы қазақи қағиданы естен шығармаған жөн-ау», – деп А. Сапарова ата-ананың түсініспеуі салдарынан баланың зардап шегетініне ерекше тоқталды.

Тіршілік атаулының қуат алар қайнар көзі – рухани байлық. Рухани дүниені насихаттау сын көтермейді. Мүлде жоққа шығаруға болмайды, әрине, бірақ адамдар арасындағы қатыгездіктің көбеюі, материалдық жағдайдың алға шығуы жүрек сыздатады. Адам өз бақытын өзі сомдайды. Десек те, бүгінгі таңдағы ешбір тосқауыл көрмей, толассыз ағылған ақпарат ауқымының көптігі және біразының отбасы құпиясын ашық жазуы, көрсетуі ұлы ұят ұғымын жоққа шығаруға бағытталғандай көрінеді.

Ақмарал Сапарова
Фото: А. Сапарованың жеке мұрағатынан

Аналар кеңесінің төрайымы ажырасудың алдын алатын, ажыраспауға себеп болатын бабалар жолы, салт-дәстүріміз деп есептейді.

«Біз тек тілімізді ғана емес, дәстүрімізді де ұмытып барамыз. Қазақи санадан алыстап барамыз. Кей жастар бұл пікірді оқып, «Біз қандай жағдайда болсақ та үнсіз отыруымыз керек пе?» дегенді ойлауы мүмкін. Бізде бір сөзбен соғысты тоқтатқан дана, ерлермен бірдей соғысқа қатысып, қас жауын жер жастандырған батыр, ерінің атағын алты алашқа шығарған ақылды, есімдері тарихта мәңгі өшпейтін ұлы аналарымыз болған. Қарапайым тірлік кешіп, әке сыйлауды санамызға сіңірген, он баланы әкемізбен бірге тәрбиелеп өсіріп, оқытқан Алтын жұлдызды анамның кезінде айтқан жазылмаған заңы есіме түседі. «Ақымақ әйел ғана жан жарынан таяқ жейді, ерін басшым, азаматым деп білмесе, солай болады» дейтін. Тағдырдың жазуымен қала типтес мұнайшылар мекенінен барлық шаруасы қолмен атқарылатын, бүгінгідей жан-жақты тұрмыстық жағдай жасалмаған ауылға келін боп түскен мені көрген анамның: «Қызым, өз еркіңмен келдің, қиын дейтін ештеңесі жоқ, ақылың болса, бәрін игересің, бізге құдаларымыз туралы нашар әңгіме айтушы болма!» – деп қатаң ескерткені есімде. Біраз жылдардан кейін мен де қыздарымды ұзатқанда анамның сөзін айттым. Қазір құда-құдағиларымызбен туған бауырымыздай бірге жүріп келеміз. Бүгінгі алдымызда отырған сәби – ертеңгі кездесетін барлық қиыншылықтарды қайыспай көтеріп жеңіп шығатын қазақ азаматы. Сол себепті, болашақ тұлға болар перзентіміздің өсіп-өнуіне, еселі еңбегіне, адамгершілік сезімдеріне, азаматтық борышына, қоғамдағы орнына өте үлкен мән беріп отыратын ата-ана керек. Тағы да айтамын, ажырасудан өте үлкен соққы көретін, психологиялық тұрғыдан қатты қиналатын балалар екені анық. Бұл жағдайда ата-ана бауырларымен, айналасымен, достарымен, таныстарымен қарым қатынасын байқап, араласа білгені абзал. Жеткіншек кезінде қоғам қайраткерлерімен, ақсақалдармен, табиғатпен ара-қатынасының шынайы ашық болғаны дұрыс. Ұлдың әкесі, қыздың анасы соған көмектеседі, сол үшін ерінбей еңбектенеді, Шын мәнісінде өз бойымыздағы нашар әдеттерден арылып, жан серігіміз үшін жақсы жаққа қарай өзгере білуіміз қажет. Жаман әдеттен арылуға болады. Ол үшін тек мықты күш-жігер керек», - деді А. Сапарова.

Ақмарал Сапарова
Фото: А. Сапарованың жеке мұрағатынан

Жастар арасында талақ мәселесі өршіп тұр

Орал қаласындағы Ар-Рахман мешітінің наиб имамы Наурыз Ибатұлының айтуынша, отбасы – ер мен әйел арасын сүйіспеншілік пен сенімділікті ірге етіп құрған шағын ғана мемлекет. Оның баянды болуы – дініміздің талабы. Тіпті үйлену ісі құлшылық деп танылған. Себебі, Пайғамбар Мұхаммад (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) неке туралы былай деген: «Неке – менің сүннетім!» Әйтсе де, осы қасиетті ұғым бұзылатын кездер болады. Некенің бұзылуы дін тұрғысынан «талақ ету» деп аталады, яғни талақ айту – некенің бұзылуы. Бұл әрекетке дінімізде рұқсат етілген. Алайда Алла Тағаладан рұқсат етілген нәрселердің ішіндегі ең жағымсызы. Пайғамбар Мұхаммад (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Аллаһ Тағалаға адал еткен істің ішіндегі ең жағымсызы – ажырасу» (Әбу Дәуіт).

«Қазіргі кезде осы ажырасу ерлі-зайыптылар арасында кең етек алып барады. Болмашы бір себептерге байланысты екі жаққа кетіп, туыстық қатынасты үзіп, отбасын бұзып жатады. Себебі, отбасы деген ұғымның құндылығын ескере бермейді. Дінімізде ажырасуға себеп болатын нақты себептерін бекітіп айтып кеткен. Бірақ бүгінгі таңда оны ескере бермейді. Ажырасу себебі тек қана дінімізде ер мен әйелдің отбасылық міндеттері болып табылатын амалдарды орындамауында болып тұр. Олар қарапайым, ерін тыңдау, бой ұсыну, ердің әйеліне көңіл бөлуі, екі жақты әке-шешені құрметтеуі т.б. міндеттер», - дейді имам.

Наурыз Ибатұлы
Фото: Н. Ибатұлының жеке мұрағатынан

Ажырасудың астарында тұрмыстық ахуалдың тұрғанын айта кету керек, оның да себебі зор. Өйткені, қазіргі технология дамыған заманда адамдардың интернет желісінде өздерін жарнамалаулары, жетістіктерін көрсетіп, мақтануы қарап отырған адамның санасын бұзары анық. «Неге менде ондай емес?», «Неге менің күйеуім немесе әйелім осылай істей алмайды?» деп қызығу. Содан отбасының негізгі іргесінің бірі – сенімділікке ақау түседі.

«Өкінішке орай, дініміз қаншама рет отбасы ұғымының қасиетті екенін айтса да, діни теріс идеологияның кесірінен жастарымыздың арасында талақ мәселесі өршіп тұр. Тығылып неке қиюдан бастап, екінші әйел алу, ажыраса салу, әйел затына деген салғырттық сенім кең етек алып отыр. Осының баршасының шариғи талаптары бар. Неке қисаң – жарияла, екінші әйел алсаң – әділдік сақта, ажырассаң – шариғат көрсеткен себеппен ажырас, әйел затын құрметте. Себебі, Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) былай деген: «Әйелдерімен жақсы қарым-қатынаста болғандар, міне, солар араларыңдағы жақсыларың». Теріс діни идеологияның салдарынан отбасы бұзылып, жасөспірім балалар тірі жетім қалып жатыр. Сол үшін де дәстүрлі дініміз ондай теріс әрекеттерді қолдамайды. Отбасыны сақтап қалу үшін бар себін іздеп, татуластыру жолын іздейді», - дейді Наурыз Ибатұлы.

Қорыта айтқанда, отбасы – шағын мемлекет десек, мемлекеттің мықты болуы осы отбасылардың беріктігіне байланысты. Сондықтан неке мәселесіне жеңіл-желпі қарамау, үйлену, тұрмысқа шығуды әбден ойланып барып шешу, отбасында татулықты бірінші орынға қою аса маңызды екені айдан анық...

Соңғы жаңалықтар