Ажырасу тәртібі өзгереді: нені білу керек
АСТАНА. KAZINFORM — Биыл 16 қыркүйектен бастап елімізде неке бұзу тәртібі өзгереді.

2011 жылғы 26 желтоқсандағы «Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Құжат жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды.
Атап айтқанда, аталған кодекстің 17-бабының 2-тармағына жаңа тармақша енгізілді:
— Егер ерлі-зайыптының біріне құзырлы органдар халықаралық іздеуге жарияласа, сот санкциясымен халықаралық іздеу мерзімі 3 жыл толғаннан кейін неке бұзылады, — делінген құжатта.
Осыған ұқсас толықтыру некені сот арқылы бұзу тәртібін реттейтін кодекстің 238 және 241-бабына да енгізілген.
— Бұл дегеніміз, егер жұбайы ұзақ уақыт бойы жасырын жүріп, халықаралық іздеуде болса, екінші тарап оның қатысуынсыз сотқа жүгініп, некені ресми түрде бұза алады, — деп түсіндірілген.
Айта кетейік, елімізде ажырасу үрдісін тереңірек зерттеу үшін кешенді баяндама әзірленеді.
Сондай-ақ әлеуметтанушы ажырасудың көбею себебін атаған еді.