Ажырасудың жүз түрлі сылтауы мен жалғыз ғана себебі - баспасөзге шолу

Кеше Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Президент жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің 29-шы жалпы отырысы өтті. Кеңестің биылғы отырысы «Астана» халықаралық қаржы орталығы» тақырыбына арналды. Оған Қазақстан және шетелдер тарапынан Кеңес мүшелері, ірі корпорациялардың, мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары, Қазақстанның іскерлік орта өкілдері қатысты.
Бұл жайында «Егемен Қазақстан» газетінің сенбілік санындағы «Еуразияның қаржы қақпасы» деген тақырыптағы мақалада кеңінен жазылған. Автордың жазуынша, Нұрсұлтан Назарбаев құрылымдық реформалар аясында Қазақстанда жекешелендірудің және экономиканы мемлекет иелігінен алудың жаңа кезеңі басталып кеткенін айтты. «Біз мемлекеттің экономикаға қатысу үлесін азайту және жеке сектордың аясын кеңейту жөнінде ауқымды науқан ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Тізбеге тау-кен және металлургия, мұнай өндіру, энергетика, көлік және байланыс салаларындағы кәсіпорындардың мемлекеттік жиынтық акциялары, инфрақұрылымдық нысандар, басқа да көп нәрсе енгізілді. Қазақстандық және шетелдік инвесторларға әділетті нарықтық баға бойынша активтерді беруге қойылатын шектеулерді алып тастайтын заңнамалық өзгерістер қабылданды. Қор нарығына акцияларды шығару және ашық бәссауда ұйымдастыру жекешелендірудің негізгі тетіктері болады. Бұл инвесторлар үшін өзара тиімді ынтымақтастықты тереңдетудің керемет мүмкіндігі», - деді Қазақстан Президенті.
«Қазір көптеген елдердің бас ауруы демографиялық тепе-теңдіктің бұзылуы, бала туудың азаюы, жастардың үйленуге асықпауы болса, бізді алаңдататын жағдай ажырасулардың көбейіп бара жатқандығы. Бүгінгі таңдағы кейбір дерек көздеріне қарасақ, Қазақстан ажырасудың көптігі жағынан дүниежүзіндегі ондыққа кіретін көрінеді. Енді бір статистикада Қазақстанның бұл мәселеде алғашқы бестікте екендігі айтылған. Қалай десек те, еліміз ажырасу жағынан көш бастаушылар қатарында», - деп жазады «Егемен Қазақстан» газеті. Мәселен, биылғы жылдың алғашқы екі айында елімізде 18 мың 459 неке қиылса, оның 8 004-і ажырасып кеткен!..
Бұл ресми көрсеткіш қана. Оған үйленерін үйленіп алып, ырың-жырың болып жүргендер мен некесінің бұзылғанын заң жүзінде рәсімдемейақ бөлек тұрып жатқандарды қоссақ, қазір қоғамдағы ең көкейкесті мәселенің шеті қылтияды. «Ажырасудың мың түрлі мысалы бар. Мына қызықты қараңыз, әйелі әрі сұлу, әрі ақылды бір танысым өзінің жарымен ажырасуға мәжбүр болды. Тағы бір жігіт біткеннің сұлтаны сияқты көрінетін байырғы бір досым бар еді. Оның да келіншегі қыз біткеннің ішінен таңдап алған керімі-тін. Шығыс ғазалдарындағы хас сұлулардың келбеті қалай суреттелетіндігін әдебиеттен хабары барлар біледі. Біздің Жәния да сондай жан болды. Мерекелерде көрісе қалсақ, жаңағы досымыздың әйеліне талай адамдар түріне тәнті болып, байыпты мінезіне риза екендіктерін жасырмайтын. Алайда, сол кермаралдай келіншек күйеуінің толық бақыты бола алмады дегенге кім сенеді? Қияқ қасты, бұйра шашты, түрі келіскен еркек осындай арудың жанында байыз таппай, отқа ұрынған көбелектей, көлденең жүрісін көбейте берді...», - дейді мақала авторы.
***
«Қарағанды облыстық сотының аппеляциялық алқасы әкімшілік полиция бастығының бұрынғы орынбасары Ерғабыл Жүкеновке қатысты шығарылған үкімді қайта қарады, - деп жазады «Экспресс К» газеті «Дай пять!» деген тақырыптағы мақаласында. Басылымның жазуынша, ол 5 жыл шартты түрде жаза алудың орнына 5 жылға жалпы режімдегі колонияға қамалған. Естеріңізге сала кетсек, Ерғабыл Жүкенов шолғыншы қызметі қызметкерлері басшылық тарабынан ақша бопсалау жайында жария еткеннен кейін ұсталған болатын. Полиция бастығы өзінің 11 бағынышты қызметкерінен олардың пара алып жатқан сәті түсірілген бейне материалды беру үшін әрқайсысынан 5 мың доллардан талап еткен. Полиция қызметкерлер талап етілген соманы жинап, одан кейін Мемлекеттік қызмет және жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің қызметкерлерін алдын ала ескерту арқылы Е.Жүкеновке ақшаны берген. Дегенмен сот барысында тәртіп сақтылары сот барысында бұрынғы бастықтарын кешіргендерін әрі оған еш шағымдары жоқ екендігін айтқан. Олар мұндай қадамға белгісіз адамның келіп, барлығына да 5 мың доллар ақшаларын қайтарып бергеннен кейін барған.
***
Павлодар маңындағы қалашықта жылқы 9 жастағы баланы басып өлтірді. Оқиға куәгерлерінің айтуынша, қайғылы оқиға санаулы секундтарда, үлкендердің көз алдында орын алған. Олар балаға көмектесіп үлгермеген. Бұл жайында «Экспресс К» басылымы жазды. Газеттің жазуынша, төртінші сынып оқушысы қаладан малшы болып жұмыс істейтін ағасының үйіне қонаққа келген. Үлкендердің назары басқа жаққа ауған мезетте ертеулі тұрған атқа мінген бала дұрыс отыра алмай құлаған. Бірақ, бір аяғы үзеңгіде қалып, үріккен ат оны ондаған метрге сүйретіп кеткен. Бірнеше жерден жарақат алған баланы ауруханаға жеткізгенімен ол ес жимастан көз жұмған.