Азиада-2023: Қазақстан қоржынына тағы екі медаль түсті
Қытайдың Ханжчоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында қазақстандық каратэші Лаура Әліқұл мен балуан Әлімхан Сыздықов жүлдегер атанды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Лаура Әліқұл 68 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионатының екі дүркін жүлдегері, қытайлық Ли Цяоцяомен финалдық кездесуін өткізді.
Мұнда қытайлық 4:0 есебімен жеңіске жетіп, чемпион атанса, Лаураға күміс бұйырды.
Әлімхан Сыздықов грек-рим күресінен 130 кг салмақта қола жүлде үшін бәсекеде түркменстандық Айбегшазада Курраевты 5:1 есебімен ұтты.

Тағы бір балуан Ислам Умаев 97 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Рустам Ассақаловтан таза жеңіліп, қола жүлдеге қол жеткізе алмады.
Сондай-ақ бүгін әйелдер күресінен кілемге шыққан қазақстандықтар жүлдесіз қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын джиу-джитсуден Нұржан Батырбековтің Азия ойындарының чемпионы атанғанын жазған едік.
Каратэші Нұрқанат Әжіқанов Қазақстан қоржынына сегізінші алтын медальді салды.