Азиада-2025: Керлингтен Қазақстан әйелдер құрамасы екінші жеңісіне қол жеткізді
ХАРБИН. KAZINFORM – Керлингтен Қазақстан әйелдер құрамасы Қытайдың Харбин қаласында өтіп жатқан ІХ қысқы Азия ойындарында екінші жеңісін тойлады.

Қазақстандық қыздар топтық кезеңнің 8-сессиясында Филиппин құрамасымен шеберлік байқасты. Команда сапында Тылсымай Аллиярова, Мерей Тастемір, Ангелина Эбауер, Екатерина Колыхалова және Регина Эбауер жарыс жолына шықты.
Алғашқы кезеңде филиппиндіктер бір ұпай еншілеп кетті. Ал екінші кезеңде қыздарымыз жақсы ойын көрсетіп, 2 ұпай алды.
Үшінші кезеңде қарсылас есепті теңестіргенімен, отандастарымыз қатарынан екі кезең жеңіп, есепті 4:2-ге жеткізді. Алайда, филиппиндік қыздар қатарынан екі кезеңде ұпай алып, есепті теңстірді.
Шешуші кезеңде қыздарымыз қарсыласқа мүмкіндік бермей, жеңісті жұлып алды. Қортынды есеп 5:4.
Айта кетейік, бұл - Қазақстан қыздар құрамасының топтық кезеңдегі төртінші матчы және екінші жеңісі. Осыған дейін қыздарымыз жапондықтарға 4:10 есебімен жол берсе, Тайбэй құрамасын 14:0 есебімен ойсырата жеңді.
Кеше жарыс қожайыны Қытай құрамасымен ойында Қазақстан құрамасы 4:11 есебімен жеңіліп қалды.