Азиада-2025: Керлингтен Қазақстан қыздар құрамасы жартылай финалға жолдама алды
ХАРБИН. KAZINFORM – Керлингтен Қазақстан қыздар құрамасы Қытайда өтіп жатқан ІХ қысқы Азиада ойындарында кезекті жеңісіне қол жеткізді.

Қыздарымыз топтық кезеңнің соңғы матчында қытайлық Гонконг құрамасымен шеберлік байқасты. Ел құрамасы сапында Ангелина Эбауэр, Тилсимай Аллиярова, Екатерина Колыхалова және Мерей Тастемір жарыс жолына шықты.
Қазақстан құрамасы үшінші кезеңде есеп ашты. Осыдан кейін қыздарымыз 2:3 есебімен артта қалып тұрған жағдайда екі кезеңді қатарынан жеңіп, қарсыластан асып кетті.
Соңғы кезеңде де ел құрамасы қарсыластарына мүмкіндік берген жоқ. Қортынды есеп 6:3.
Айта кетейік, Қазақстан қыздар құрамасы топтық кезеңде 7 матч өткізіп, соның 5-еуінде жеңіске жетті.
Осыған дейін, қыздарымыз жапониялықтарға 4:10 есебімен жол берсе, Тайбэй құрамасын 14:0 есебімен ойсырата жеңді.
Жарыс қожайыны Қытай құрамасымен ойында Қазақстан құрамасы 4:11 есебімен жеңіліс тапты. Алайда, Филиппин құрамасымен тартысты ойын өткізіп, соңғы кезеңде жеңісті жұлып алды.