Қазақстан спортшылары Азия ойындарының төртінші жарыс күнінде қандай нәтиже көрсетті
НАГОЯ. KAZINFORM — Жапонияда өтіп жатқан жазғы Азия ойындарының төртінші жарыс күні өз мәресіне жетті.
Қазақстандық спортшылар бүгін 18 спорт түрінен жарыс жолына шығып, ел қоржынына бір алтын, екі күміс және екі қола медаль сыйлады.
Ең әуелі, жеңіл атлет Кристина Морозова ел намысын қорғап, қоржынымызды күміс медальмен толықтырды.
Ерлер арасында тасжолдағы велоспорттан топтық жарыста Алексей Луценко, Евгений Федоров, Николя Винокуров ел намысын қорғады. Қорытындысында, қазақстандық спортшы Алексей Луценко 13:11 минут нәтиже көрсетіп, мәреге бірінші болып жетті.
Ал тағы бір қазақстандық спортшы Евгений Федоров 4 сағат 15:09 минут нәтижемен күміс жүлде еншіледі.
Академиялық ескек есуден алғашқы жарыс күнінде отандастарымыз екі В финалына жолдама алды. Асханбек Бапан жекелей сайыста 7:00.52 уақыт көрсеткішімен сегізінші орынға жайғасып, В финалына өтті. Сондай-ақ Алексей Красновский мен Владислав Галкин жұптық екілікте 6:36.28 уақыт нәтижесімен бесінші орын алып, В финалына өтті.
Қазақстан әйелдер құрамасы стенд атудан Азия ойындарында күміс жүлде жеңіп алды.
Әйелдер арасында скит бағдарламасы бойынша командалық финалда Зоя Пискун, Әсем Орынбай және Адель Садақбаева ел намысын қорғады. Қорытындысында, Қазақстан командасы 336 ұпай еншілеп, екінші орыннан көрінді.
Айта кетейік, қазақстандық спортшы Роза Кеңес ескек есуден жеңіл салмақтағы жекелей сайыста А финалында өнер көрсетеді. Отандасымыз іріктеу кезеңінде қашықтықты 7:49.70 уақытта бағындырып, бесінші орынға ие болды. Осылайша ол іріктеуден сәтті өтті.
Қазақстандық семсерлесуші Артем Саркисян семсерлесуден Қазақстан қоржынына тарихи қола жүлде сыйлады. Отандасымыз жекелей сында жартылай финалда оңтүстіккореялық семсерлесуші О Сан Укке 9:15 есебімен есе жіберіп, жарысты қола медальмен аяқтады.
Ушу спортында 70 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Әлижан Аблағатов жартылай финалда ирандық Мохаррами Пирагомға есе жіберді. Осылайша, Әлижан Аблағатов Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Бұл — Қазақстанның ушудан Азия ойындарындағы алғашқы медалі.
Төртінші жарыс күнінің қорытындысы бойынша, 37 елдің спортшылары жүлде жеңіп алды. Қытай құрамасы 48 алтын, 20 күміс және 10 қола медальмен көш басында. Ал Жапония (15 алтын, 25 күміс, 27 қола) және Оңтүстік Корея (8 алтын, 8 күміс, 25 қола) алдыңғы үштіктен көрінді.
Қазақстан құрамасы қазіргі уақытта 7 алтын, 4 күміс және 8 қола медальмен жалпы есепте төртінші орында келе жатыр.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Азиададағы бокс бәсекесі басталды. Қазақстан құрамасының спортшылары 11 салмақ дәрежесінде шаршы алаңға шығып, жүлдеге таласады.