Азиада Қазақстан үшін спортты дамытудағы жаңа кезеңнің басы болмақ – Н. Князев

АЛМАТЫ. 4 ақпан. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматы мен Астана қалаларында өтіп жатқан 7-Қысқы Азия ойындарында негізінен тәуелсіздік жылдарында үлкен спортқа араласқан жас спортшылар ел намысын қорғауда
None
None

Олар үшін бұл дүбірлі дода келешектегі Олимпиада ойындарына дайындықтың бір сатысы болмақ. Біз осыған орай «Динамо» денешынықтыру және спорт қоғамы» қоғамдық бірлестігі Спорт басқармасының бастығы Николай Князевті сұхбатқа тартқан едік.

- Николай Дмитриевич, 2010 жылы Гуанчжоуда өткен жазғы Азия ойындарын өз көзіңізбен тамашалап қайттыңызды білеміз. Енді Алматы мен Астанадағы қысқы Азия ойындарынан қандай нәтиже күтесіз?

- Ел мен елді, ұлт пен ұлысты өзара жақындастыруға спорттың қосар үлесі өте зор. Мемлекеттің мерейін өсіріп, оның әлемге танымалдығын арттыруда спортқа жететін бірде-бір сала жоқ. Сондықтан барлық ел өзінің шама-шарқына қарай отандық спортын дамытуға айрықша көңіл бөліп жатыр. Бұл үрдістен Азиядағы 45 мемлекет те құр алақан қалып отырған жоқ. Соның нәтижесінде Азия ойындарының да деңгейі жылдан-жылға өсіп келе жатыр. Оны республикалық телеарналар арқылы қазір күн сайын көрсетіліп жатқан қысқы Азия ойындарынан да айқын аңғаруға болады. Бұл шара елімізде соңғы жылдары кенжелеп қалған қысқы спорт түрлерінің қайта жандануына тың серпін беретіні күмәнсіз. Мәселен, Азия ойындары қарсаңында Қазақстанда бұрын-соңды болмаған бірқатар жаңа спорт нысандары салынды. Ол республикада спорт саласының дамуындағы жаңа кезеңнің басталуына түрткі болды. Бұл барлық спортшылар үшін үлкен сыйлық болып отыр. Енді олар кейбір спорт түрлері бойынша өз шеберлігін жетілдіру кезінде шетелге барып әуре болмайды. Дегенмен біздің спортшыларымыз өз мүмкіндігін толық көрсетуі үшін әлі де бір олимпиадалық циклді күтуі қажет. Сондықтан қазіргі кездегі ең негізгі мәселе осы қарқынды баяулатып алмауда болып тұр. Өйткені КСРО тараған соң еліміздегі "Медеу" мұз айдыны сияқты нысандар өз мақсатына пайдаланылмай қалды. Сол себепті конькимен жүгіруден Қазақстан чемпионатын 3 жыл қатарынан көршілес Ресейдің Челябинск қаласында өткізуге мәжбүр болдық.

- Олимпиадалық циклге ілесу үшін қандай нақты шараларды жүзеге асыруымыз қажет?

-Бұрын елімізде спорттың сан түрі бойынша арнайы кластар мен мектеп-интернаттар ашылған болатын. Олардың кеңестік дәуірде қалыптасқан материалдық техникалық-базасы өкінішке қарай, тоқсаннышы жылдардың ішіндегі тоқырау кезінде және басқа да себептердің нәтижесінде азып-тозып, білікті мамандар тіршілік қамымен жан-жаққа шашылып кетті. Олардың арасында өз қызметін шетелдерде жалғастырып жүргендер аз емес. Мысалы, Олимпиада ойындарының 2 дүркін жеңімпазы В.Вохмянин Кувейтте жүр. Ал нысана көздеуде еліміз қазір бапкерлерге өте зәру болып отыр. Сондықтан бірқатар спорт түрлерінен кемінде 2 цикль шетелдік мамандардың көмегіне жүгінуді мен қолдаймын. Мұндай тәжірибе бүкіл әлемде бар. Қазір Туризм және спорт министрлігі осы бағытта жұмыс жасауда. Әрине, материалдық базаны қалпына келтіру және онда жұмыс жасайтын жаңа мамандарды дайындау оңай шаруа емес. Дегенмен мамандандырылған спорт мектептерінің ашылып, олимпиадалық резервтерді дайындау үшін балалар мен жасөспірімдер спортын өркендетуге ерекше көңіл қойылып жатқаны көңілге медеу болуда.

- Шетелдік бапкер дегенде қазір спорт жанкүйерлерінің аузына ең алдымен футбол түсері күмәнсіз. Өкінішке қарай, шетелдік бапкерлердің көпшілігіне жанкүйерлердің ғана емес, спорт мамандарының да көңілі толмай жүр ғой? Бұл туралы Сіздің пайымыңыз?

- Футбол қазір халықтық спорт түрі ғой. Шетелден бапкер алдырсақ бәрі бірден өзгеріп сала береді деуге болмайды. Нәтижеге біртіндеп қол жеткізетін боламыз. Өзіміздің футбол мектебіміз әзірге әлсіздеу болып тұр. Футбол жанкүйерлерінің бірі ретінде менің де көп нәрсеге көңілім толмайды. Дегнмен Қазақстан футбол федерациясының бұл тығырықтан шығаратын жол іздеп жатқанын жақсы білем. Болашақтан үмітім өте зор.

- Қысқы Азия ойындарына жасаған болжамдарыңыз қаншалықты орындалуда?

- «Динамо» денешынықтыру және спорт қоғамынан бұл байрақты бәсекеге жалпы спорттың 9 түрі бойынша 45 спортшы қатысуда. Олар ұзын-саны 25-27 медаль алуды жоспарлап отыр. Қазіргі таңда шаңғы жарысында - Алексей Полтаранин, конькимен жүгіруде - Дмитрий Бабенко, фристайлдан - Дмитрий Рейхерд, Юлия Галышева, Дмитрий Бормашов, биатлонда - Александр Червяков, Елена Хрусталева, тау шаңғысында - Игорь Закурдаев сынды спортшыларымыз Қазақстан құрамасының қоржынына алтын, күміс жәнпе қола медальдар салуда. Динамошылар сондай-ақ, командалық жарыстарда да өз шеберліктерін паш ете алды. Алда әлі де сарапқа салынбаған 15-тен астам медальдар топтамасы бар. Сондықтан ұлттық құраманың командалық есепте 1- орын алу туралы жоспарына динамошылардың қосар үлесі қомақты болары күмәнсіз.

- Әңгімеңізге рахмет

Соңғы жаңалықтар