АЗИАДА: Оңтүстік Корея құрамасы хоккей жарысында қола жүлдегер атанды
Азиада-2011 ресми сайты хабарлап отырғандай, үшінші орынды анықтайтын бәсекеде оңтүстіккореялықтар Қытай құрамасын 11:1 есебімен ойсырата ұтты. Жеңімпаздар қатарындағы Чо Мин О (Cho Min Ho), Ким Вон Джун (Kim Won Jung), Син Сан Ву (Sin Sang Woo) және Ким Кисун (Kim Kisung) қарсыластар қақпасына екі шайбадан соқса, Сон Дон Хван (Song Dong Hwan), Ли Дон Ку (Lee Don Ku) және Ким Хёк (Kim Hyeok) бір-бір шайбадан салды. Жеңіліс тапқан командадағы жалғыз шайба авторы Ван Дахай (Wang Dahai) атанды.
Осы жарыста Оңтүстік Корея құрамасы Қытай командасынан басқа Қытай Тайбэйі құрамасын 22:0 жеңген болатын. Ал Жапонияға қарсы кездесуде қола жүлде иелері 1:6 есебімен, Қазақстан командасымен сайыста 1:9 есебімен ұтылған. Өз кезегінде, Қытай құрамасы турнирдегі жалғыз жеңісі - Қытай Тайбэйін 10:1 есебімен ұтты.