Азиадада тарихи алтын алған Рината Сұлтанова елге оралды
АСТАНА. KAZINFORM — Қазақстанға Жапонияда өткен XX жазғы Азия ойындарының алғашқы алтынын сыйлаған велошабандоз Рината Сұлтанова елордаға оралды. Бір айға жуық уақыт елден жырақта болған спортшыны әуежайдан туған-туыстары, достары мен таныстары гүл шоқтарымен, Қазақстанның туы және жылы лебіздерімен қарсы алды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.
Сұлтанова Азиададағы басты медалін 20 қыркүйекте жеңіп алды. Ол тас жолдағы жеке уақыт жарысында топ жарып, Азия ойындарының чемпионы атанды. Ал 2 қазанда спортшы велотректегі омниум сайысында күміс медаль иеленді.
Сұлтанованың айтуынша, ол тас жолдағы жарысқа жеңіске жету мақсатымен дайындалған. Сондықтан алтын медаль спортшы үшін маңызды нәтиже ғана емес, бір жыл бойы атқарған еңбегінің зая кетпегенінің дәлелі болды.
— Мен осы алтын медаль үшін дайындалдым. Оны жеңіп алғаныма өте қуаныштымын. Бұл мен үшін үлкен мақтаныш, — деді ол.
Жеңістен кейін спортшының ойы тек медальда болған жоқ. Сұлтанова жыл басында алдына қойған мақсаттарының барлығын орындауды маңызды санаған.
— Жыл басында өзіме қойған мақсаттарымның бәрін орындағаныма қатты қуандым. Ол бақытты сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес, — деді велошабандоз.
Спортшының айтуынша, бұл нәтиженің артында кәсіби спортқа тән күнделікті еңбек — жаттығу, тәртіп және өз-өзімен тұрақты жұмыс істеу тұр.
— Спорт — бұл тәртіп. Күн сайын өмір сүріп, жаттығу жасап, өзіңмен жұмыс істеу керек, — деді Сұлтанова.
Рината жарыс кезінде оның өнерін жақындары да жіті бақылап отырған. Жеңістен кейін спортшыға көптеген құттықтау келген. Оның айтуынша, телефонына кірген кезде онда «хабарламалар теңізі» жиналып қалған.
Енді чемпионды жақындары жеке өздері құттықтады. Әуежайда Ринатаны Жапониядағы жарысы бойы қолдап, жанкүйер болған туған-туыстары, достары мен таныстары күтіп алды.
Спортшы мұндай ауқымды кездесуді күтпегенін айтты.
— Мұндай керемет қарсы алуды шынымды айтсам, күтпедім. Осыншама қолдау көрсетіп, жанкүйер болған баршаңызға үлкен рақмет, — деп қорытындылады спортшы.
Бұған дейін Азиадада қай спортшылар тарихқа енгенін жазғанбыз.