16:33, 11 Наурыз 2009 | GMT +5
Азиаданың жетістігі көбіне кадрларға байланысты болмақ - Алматының туристік ұйымдары қауымдастығының президенті Нұржамал Қайсенова
АЛМАТЫ. Наурыздың 11-і. ҚазАқпарат /Айгүл Тұрысбекова/ - 2011 жылы өтетін қысқы Азиада - Қазақстан үшін өзін әлемге паш етудің тамаша мүмкіндігі. Шараның табысты өткізілуі көбіне осынау халықаралық спорттық іс-шараға қызмет көрсететін кадрларға байланысты.
Сондықтан да оларды дайындауды бүгіннен бастау керек. Біз кадрларды сапалы әзірлеу мақсатында күш-жігерлерімізді үйлестіру үшін республиканың оқу орындарымен ынтымақтастық орнатуға әзірміз, деді Алматының Туристік ұйымдары қауымдастығының президенті, «Жаңа Нұр» туристік компаниясының директоры Нұржамал Қайсенова ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында. Оның пікірінше, тықыр таянғанда, абыр-сабыр болмас үшін, бұл міндетке қазірден кірісу керек. Сала үшін кәсіби кадрлар әзірлеуге компаниялар белсенді атсалысулары тиіс. «Жыл сайын біздің фирмамыз осынау мамандықтар бойынша жоғары оқу орны түлектерінің арасында мониторинг жүргізіп отырады. Мамандар нашар әзірленген және бізге ондай кадрлар керек емес деуге болмайды. Бірақ, негізгі проблема сол, оқу орындарының дайындықтары нақты бизнестегі жағдайдан алшақтау. Теория мен практиканың арасындағы айырмашылық тым үлкен», деп санайды маман. Оның пікірінше, осы олқылықтарды жою үшін барлық мүдделі тараптар бірлесіп әрекет етулері тиіс. Н.Қайсенова ханым, компаниясының осы проблеманы шешумен айналысып отырғанына бірнеше жылдың жүзі болғанын айтып өтті. Осы мақсатта Туризм орталығы құрылып, оның негізінде SIVANA академиясы ашылған. Компания басшылығы, осы орталықтың стратегиясына, нарықтағы басқа да ойыншылардың ұстанымдарына бүкіл саланың келешегі байланысты болады, деп санайды. «Кадрлар білікті болған жағдайда, біздің бизнесіміз де гүлденеді. Бұл ? менің сенімім. Бүгінде «Кадрлар бәрін шешеді» деген тіркестің өзектілігі өте жоғары. Біз жасап отырған ұсыныстар ? нақты ұсыныстар, компанияның бұл бизнесте жұмыс істеп келе жатқанына 16 жыл болды. Ол қазақстандықтарға Мармаристі, Бодрумды, Тунис пен Мысырды ашқан алғашқы туроператор болды», дейді менеджер. Оның пікірлестері арасында «Азиада достары шаңырағын» құру, сол арқылы сайт тіркеу және барлық қазақстандықтарды осы ірі спорттық шараны өткізуге шақыру және мемлекетке жан-жақты қолдау көрсету идеясы туындады. Азиада қазақстандықтар үшін ортақ іс болуы, сондықтан да оны табысты өткізу үшін барлығы да бас қосып, бірігуі керек. Ал, мемлекеттік құрылым мен кәсіпкерлік бірлесе жұмыс жасаулары қажет. «Кәсіпкерлер спорттық шараны ұйымдастыруға белсенділік танытпайды деп ойлаудың қажеті жоқ. Әрине, кәсіпкерлердің көздеген өз мүдделері де бар. Мәселен, Азиада ойынынан кейін, Қазақстан туралы жақсы пікірлер айтулары үшін мен өзімнің шет елдік әріптестеріме еліміздің тамаша жерлерін аралатып, көрсеткім келеді», - дейді Н.Қайсенова.
Бастамашыл топ аталған шараны дайындауға қатысқысы келетіндерге өз ұсыныстарын айтқылары келеді. Келешекте Қазақстанда Олимпиадалық ойындар өте ме, мұның бәрі де Азиадаға тікелей қатысты. Сондықтан да, бүгіннен бастап қоғам санасын көтеріп, осы оқиғаға дайындықты жан-жақты бастай беру керек. «Біз, БАҚ арқылы үндеу дайындаймыз. Біздің ұсынысымыз туралы ҚР Президентінің атына және ҚР Үкіметіне хат дайындадық», - деп, атап өтті Н.Қайсенова. Қызмет көрсететін адамдардың өзі түрлі мамандық иелерінің басын қосқан үлкен ұжым болатындығын есепке алу қажет. Олар, дүйім жұртқа қалтқысыз қызмет көрсету мақсатында қыруар іс тындыратын болады. Бұл жерде, ең бастысы, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол» шығарғандай, командалық ұйымшылдық керек.Бұл мәселе ұжымда кешенді түрде шешіледі. Оның құрамында ішке кіретін туризм департаменті құрылған. Жекелеген офистер ұлттық нақышпен рәсімделген. Ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен безендіріліп жасалған өз бұйымдарын көрсете алатын қолөнер шеберлерін шақыру да жоспарланып қойған. Ұлттық әшекейлермен әрлендірілген офистерде Қазақстан бойынша жарнамалық тур жасайтын шетелдік әріптестерді қабылдау жоспарланды. «2014 жылға дейінгі ішке кіретін туризмді дамыту стратегиясы» жасалды, онда бәрі де қарастырылған. Отандық экономиканың басымдық бағыты ретінде, Үкіметтің ішкі туризмді дамыту қажет деп бекіткені белгілі, бірақ, оны жүзеге асырудың нақты тетіктері көрсетілмеген. Бұл мәселені компания өз күшімен шешіп, одан кейін мемлекеттік деңгейге дейін көтеруге талпыныс жасауда. Мамандар пікірі бойынша, Азиада кезінде туристердің әдеттегіден тыс көп келетіні байқалуда, сол үшін де, Қазақстан бойынша үш күндік және бес күндік маршруттарды жасауға бүгіннен бастап кіріскен дұрыс. Туристерді қабылдаудың және оларға қызмет көрсетудің жоғары сапасына көшу керек, ол үшін ішкі рынокті білетін мамандарды мақсатты түрде дайындай бастау керек. Мұның барлығын да «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасымен байланыстыру қажет.Азиада-2011-ге арнайы оқытатын бағдарлама дайындалуда. Жоғарыда аталған Стратегия оның базалық құжаты саналады. Азиадаға дайындалу мәселелері ең өзектісі саналады. Бағдарламаның басты мақсаттарының бірі ? қонақтар мен ресми делегацияға қызмет көрсету үшін мамандар дайындау. Азиаданы ұйымдастыру жөніндегі комитет дирекциясымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Қызметтік байланыстар орнатылды, нақты ұсыныстар да дайындалды. «Бір, ортақ күш салумен ғана шешілетін бірқатар түйткілдерді анықтадық. Туристік салада жұмыс жасаған мамандар бұларды біледі.Бұл Азиаданы өткізу кезіндегі климаттық жағдай, оның әуе көліктерінің ұшып келу кестесіне әсер етуі мүмкін. Біздің әуежайларымыз соншалықты қонақты қабылдап алуға әзір ме? Арнайы бөлмелер қарастырылған ба? Рейс кешіктірілген жағдайда, қонақтарды орналастыру, тамақтандыру керек. Осы жағдайда кеден қызметі мен шекарашылардың қызметі қандай болмақ? Олар, қонақтармен қалай, қай тілде сөйлеседі? Мұндай мәселелерді, мүмкін теоретиктер білмейтін шығар, ал біз секілді практиктер мұндай мәселемен ұдайы кездесіп отырамыз. Тек, жарысқа қатысатын спортшылар саны 2,5 мың. Әуежай ? шартты түрде айтқанда, ел астанасының келбеті, әр қонақтың пікірі тура осы жерден қалыптасады», -дейді туристік фирманың басшысы. «Біз теоретиктерді сынағалы отырған жоқпыз, бірақ, олардың да бізге құлақ асатын уақыты келді. Осы мәселені шешу үшін, бізге қарым-қатынас пен сындарлы қадам керек. Оқу орындары еңбек рыногына мамандар дайындайды, олар да біздің талап-тілектерімізді ескергені мақұл. Арнайы оқыту бағдарламаларын жасау үшін, біз бірқатар тіл орталықтарына өтініш білдірдік. Олар, нақты және шұғыл бағдарламалар әзірлейді. Қазір біз әуежай қызметкерлері, шекарашылар, кеденшілер, касса қызметкерлері және жол полициясы қызметкерлері үшін арнайы оқу курсын дайындап жатырмыз. Мәселен, жол полициясы қызметкерлері қонақтарға қарапайым нәрсені ағылшын тілінде түсіндіре білуі керек, сондай-ақ, олармен сыпайы болуы тиіс. Қонақтармен сөйлесу кезінде әдеп пен сыпайылық талаптары сақталуы керек. Бірқатар шетелдіктер жымиып сөйлемесеңіз, оны дөрекілікке санауы да мүмкін», - дейді ол.Азиадаға дейін аса көп уақыт қалған жоқ. Әлемде көптеген бағдарламалар мен жүйелер жасақталды, енді соны оқып, оны Қазақстанға пайдалану қажет. «Мәселен, бізде осы күнге дейін гид, экскурсияға алып шығушы және жол көрсетушіні ? бір адамнан дайындап келеміз. Турасын айтар болсақ, гид Қазақстанның тарихы туралы барлық ақпаратты білуі тиіс, бірақ, тау басына өрмелеп шығу оның жұмысы емес. Мұнымен экскурсияға алып шығушы айналысуы керек. Күтіп алушы ? қонақты әуежайдан күтіп алады, қонақ үйге алып келеді, пайда бола қалған барлық мәселелерді шешеді, қажетті ақпаратты біледі. Ал, осы үш саланы бір адамның басына үйіп-төгіп қойғанымен одан пайда жоқ, керісінше ол шатасады, қателік деген осындайдан басталады», дейді Н. Қайсенова.
Курс мәселесіне қайта оралған ол, АҚШ тәжірибесін еске түсірді. Үлкен депрессия кезінде адамдар оқуды тереңдетті, басқа мамандыққа қайта оқытылды, еңбекке орналасудың басқа жолдарын қарастырды. Экономикалық дағдарыс кезінде, халық үшін ең өзектісі жаңа мамандықты игеру және оларды қайта дайындау. Олар, еңбек рыногына жақсы бейімделгіш болады. Бүгінде біздің елімізге де осындай қысқа мерзімдік курстар қажет. Онда негізгі және қажетті мамандыққа үйретеді. Білікті мамандарға деген сұраныс күшті. «Менің тәжірибемде бұл ? үшінші дағдарыс. Қашанда мен өзім үшін осыдан бірқатар жаңалықтар табамын. Менің санамда жатып қалған жоспарлар, осы дағдарыс кезеңінде өмірге жол табады. Біз, оқуға және жаңа мамандық алуға құлшыныс білдірушілер саны осыншама көп болады деп ойламап едік. Ең бастысы ? біз оларды кәсіпкерлікпен айналысуға дайындап жатырмыз. Жоғары оқу орындарының мамандар дайындаудағы кемшіліктері бетке ұрып тұрғанда, бұл өте маңызды фактор. Жас мамандардың санасында кәсіпкерлік рухы жоқ, олар бұған қайтадан үйренуді жаңадан бастайды. Оларды үйретумен туристік фирмалардың директорлары айналысады», - дейді ол.Азиадаға қоғамдық сананы ояту және қонақтарды халықтың күтіп алуына дайындықты бастаудың сәті келді. Бұл туралы Бейжің Олимпиадасының да тәжірибесі көрсетіп берді. Біз осы секілді ірі халықаралық жарыстарды өткізудің, онда ұйымдастырушылардың орын алған мәселелер және басқа да түйткілдерімен бетпе-бет келетін келеңсіз тұстарын егжейлі-тегжейлі зерттедік. Ондаған спорт түрлерінің өз жанкүйерлерінің талабына, басқа да көптеген жағдайларға және олардың шұғыл өзгеретін шешімдеріне біз сақадай сай дайындықта болуымыз керек. Уақыт жылдам жылжып барады, одан біз де қалып қоймауымыз қажет ? деп есептейді Н.Қайсенова.