Азық-түлік алуға өзім барамын – Серік Жұманғарин

Үкімет басшысының орынбасары Серік Жұманғарин Үкіметте тілшілердің сұрағына жауап беріп, қарапайым тұтынушы ретінде азық-түлік супермаркеттеріне қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

жұманғарин
Фото: Kazinform

«Айына екі рет азық-түлік алуға өзім барамын. Көп жағдайда уақытым бола бермейді, іссапарларда жиі жүремін. Негізінен ірі супермаркет желілерінен азық-түлік аламын», - деді С. Жұманғарин.

Вице-премьер қарапайым тұтынушы ретінде кей тауарлардың сапасына көңілі толмайтынын айтты.

«Соңғы жарты жылда жұмыртқа бағасы айтарлықтай қымбаттап кетіпті. Өсімдік майын үнемі қадағалап жүремін, өйткені оның бағасын тұрақты ұстау туралы келісімдер бар. Сұйық май керісінше арзандап жатыр, май ұйымы өз міндеттемелерін жақсы орындап келеді. Сосын дүкендерде ассортимент көбейіп келеді. Бірақ бұл сатып алу қабілетіне қалай әсер ететінін білмеймін. Мен сауда желілерімен жиі сөйлесемін, өйткені орташа чек және сауда желілерінің сатылымы елдің экономикалық әл-ауқатының маңызды көрсеткіші болып саналады. Егер сатылым баяулап, құлдырай бастаса, бұл жаман белгі», - деді С. Жұманғарин.

Бұған дейін Серік Жұманғарин Ресей Федерациясының президенті Владимир Путиннің Қазақстанға сапары жөнінде пікір білдірген еді.