Азық-түлік қауіпсіздігі: Қазақстан неге өз нарығын отандық өніммен қамти алмай отыр

Азық-түлік қауіпсіздігі – мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігінің маңызды бөлігі. Азаматтар белсенді және салауатты өмір сүру үшін қауіпсіз азық-түлік қолжетімді болуы керек. Мұндай міндет әрдайым үкіметтің алдында тұрады. Биыл 11 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету проблемалары қарастырылды. Ал азық-түлік жеткілікті болуы үшін отандық өндірісті арттырудың рөлі зор. Яғни, өзіміз не өндіреміз, қандай шикізат өзімізден шығады? Соның ішінде тамақ өндірісіне қолданылатын шикізаттың қандай мөлшерін өзіміз қамтып отырмыз? Олар қай өңірлерде өндіріледі? Үкімет азық-түлік қауіпсіздігін толық реттеп отыр ма? Осы және өзге де сұрақтарды Kazinform сарапшысы ҚР АШМ Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаментінің директоры Нұрлан Иманбаевқа қойды.

азық-түлік қауіпсіздігі
Коллаж: Kazinform

Азық-түлік өндірістен шыққаннан дүкен сөресіне жеткенше бағасы еселенеді. Елімізде ортадағы делдалдармен күресу әлі жалғасып келеді. Ал демографиялық үрдістерді ескерсек, ауыл шаруашылығы мен аграрлық ғылымды модернизациялау – заман талабы.

- Нұрлан Мейрамұлы, бүгінде отандық өніммен қамтамасыз етудің стратегиясы қандай?

- Біз саланы дамыту үшін қазіргі әлеуетімізді ескереміз, соның негізінде жасалады. Яғни, басты назар ішкі және сыртқы нарықта белгілі бір тапшылық сезілетін, сұранысқа ие, шикізат базасы бар, сондай-ақ табиғи-климаттық жағдайларды ескере отырып, оларды өндіру мүмкіндігі бар өнім түрлерін шығаруға бағытталған.

Бүгінде біз импортқа тәуелділігі жоғары өнімнің алты түрін (алма, құс еті, шұжық, ірімшік және сүзбе, қант, балық), сондай-ақ экспорттық әлеуеті жоғары (сиыр еті, қой еті, өсімдік майы, астық өңдеу өнімдері) өнімдерге басымдық беріп отырмыз. Бұл өнімдердің өндірісін ұлғайту үшін министрлік мемлекеттік қолдау шараларының кешенін қабылдап жатыр.

Мәселен, ауыл шаруашылығы саласында сүт өндірісін арттыру мақсатында Солтүстік Қазақстанның ірі индустриялық инвестициялық жобаларды қаржыландырудағы табысты тәжірибесі қолданылып жатыр. Биылдың өзінде бұл мақсатқа 100 миллиард теңге бөлінді. Бұл 65-ке жуық тауарлы-сүт фермасының құрылысын қаржыландыруға және соның нәтижесінде сүт өндіру көлемін кемінде 373 мың тоннаға жеткізуге мүмкіндік береді. Қазір 11 өңірге қаржы бөлінді. 2024 жылы бағдарламаны жүзеге асыруға 100 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша келесі жылдан бастап Солтүстік Қазақстан облысының ірі сүт-тауарлы фермалар құрылысын қаржыландыру тәжірибесі құс фабрикалары, көкөніс қоймалары, ет бағытындағы мал шаруашылығы кәсіпорындарының құрылысына және суару жобаларына да қолданылады.

- Қазақстанда қандай азық-түлік өнімдері, соның ішінде азық-түлік өндірісіне қолданылатын шикізат өндіріледі? Олар қай өңірлерде және қандай көлемде өндіріледі?

- Былтыр елімізде 3975,3 мың тонна тауарға «айналатын» сүт, 1240,6 мың тонна ет, ауыл шаруашылығы жануарларының 41,5 мың тонна жүні және 11407 022 дана терісі өндірілді. Азық-түлік тауарларының негізгі түрлері, оның ішінде әлеуметтік маңызы бар 19 тауар бойынша отандық өндіріс есебінен ішкі нарық 80% және одан да көп мөлшерде қамтамасыз етіледі. Ал, 12 түрлі өнім толық жеткізіледі. Олар: нан, макарон өнімдері, картоп, қызанақ, күріш, қой еті, тауық жұмыртқасы, бидай ұны, қарақұмық, тұз, күнбағыс майы, сиыр еті. Сондай-ақ, 11 тауар: сүт, қияр, сәбіз, қырыққабат, пияз, бұрыш, қызылша, жылқы еті, шошқа еті, ашытылған сүт өнімдері, сары май 80% және одан да көп қамтылып отыр.

азық-түлік қауіпсіздігі
Инфографика: Kazinform

 

- Қазақстан қандай азық-түлік өнімдерін өндірмейді және толық импорттайды? Оны өзіміз өндіруге не кедергі?

- Статистикаға сүйенсек, өткен жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің импорты 5,8 млрд доллар болды. Ал, 2021 жылы 4,6 млрд доллар болған. Импорттың 70% өңделген өнімдер, 26% өсімдік шаруашылығы және 4% мал шаруашылығы өнімдеріне жатады. Негізінен қызылша қанты, ұннан жасалған кондитерлік өнімдер, сусындар, құс еті мен ішкі өнімдер, шоколад, күнбағыс майы, ірімшіктер мен сүзбе, шұжықтар, жемістер, жаңғақтар, кондитерлік өнімдер, сүт және кілегей сияқты тауарлар сырттан келеді. Азық-түлік импортының айтарлықтай көлемі ЕАЭО елдерінен тасымалданады.

Сондай-ақ, Ресейге қарсы халықаралық санкциялар ресейлік экспорттың Орталық Азия елдері мен Қазақстанға қайта бағдарлану қаупін арттырды. BNS деректеріне сәйкес, 2022 жылы 2021 жылмен салыстырғанда ЕАЭО елдерінен өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері импортының көлемі 20%-ға – 2 217 миллион доллардан 2 656 миллион долларға дейін өсті, соның ішінде Ресейден 19%-ға 1 975,8 млн доллардан 2 346,8 млн долларға дейін артты.

Жалпы, азық-түлік тауарларының негізгі түрлері бойынша отандық өндіріс есебінен ішкі нарықты қамтамасыз ету 80 және одан да көп пайызды құрайды. Бұл ретте елде өндірілмейтін азық-түлік негізінен шикізат түрінде келеді.

- Президент Жолдауында Еуразия құрлығының негізгі ауылшаруашылық орталықтарының бірі – Қазақстанның стратегиялық мақсаты туралы айтқанын ескерсек, бұл бағытта қандай жоспарлар бар? Егіс алқабын ұлғайту, техника сатып алу, бұған қанша қаражат бөлінеді?

- 2023 жылдың басындағы статистикаға сүйенсек, республикада 149,8 мың трактор, 38 мың комбайн, 4,9 мың егіс кешені және 76,3 мың сепкіш, сондай-ақ 219 мыңға жуық әртүрлі топырақ өңдейтін құрал-сайман бар. Бірақ ауыл шаруашылығы техникасының 76% тозған. Бұл өнімді аз жинаумен қатар, жөндеу жұмыстарына және жанар-жағармай материалдарына қосымша шығындарға әкеп соғады. Дегенмен проблеманы шешу үшін инвестициялық шығындарды субсидиялау және ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға кредит, лизинг бойынша пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау тиімді болды. Осыдан алты жыл бұрын, 2017 жылы ауыл шаруашылығы техникасы паркін жаңарту деңгейі небәрі 1,9% болды. Ал өткен жылдың соңында бұл көрсеткіш екі есе өсіп, 4,4%-ға жетті. Сондай-ақ, 2017 жылы 8,5 мың техника болса, былтыр 17,1 мың болды. Дегенмен, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес машина-трактор паркін жаңарту деңгейін 8-10 пайызға жеткізу қажет.

Министрлік осыларды ескеріп, бірнеше шара қабылдап жатыр. Олардың ішінде инвестициялық шығындарды субсидиялау және ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуға кредиттер/лизинг бойынша сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау бағдарламаларын іске асыру жалғасады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы техникасын жеңілдетілген лизингке қаржыландыру көлемі ұлғаяды.

- 2023 жылғы қыркүйекте Германияда Президент неміс кәсіпкерлерімен кездесуінде Қазақстан өңірлік азық-түлік хабына айналуды жоспарлап отырғанын айтты. Бұл бағытта қандай жоспарлар бар?

- Иә, расында да, Мемлекет басшысы атап өткендей, Қазақстан азық-түлікпен қамтамасыз ету бойынша өңірлік хаб болуға дайын. Ол үшін елде барлық қажетті ресурс, инфрақұрылым және логистика бар. Ең үлкен азық-түлік тұтыну нарығы Қытайға жақын болуымыздың өзі - жақсы фактор.

Қазақстан қазірдің өзінде Азия мен Еуропа арасындағы құрлық транзитінің 80%-ға жуығы өтетін сенімді байланыс болып тұр. Сондықтан, көрші елдер мемлекетіміздің бұл бастамасын қолдауы үшін түрлі халықаралық платформада келіссөздер жүргізіп жатырмыз.

- Сұхбатыңызға рақмет!

Соңғы жаңалықтар