Азық-түлік неліктен қымбаттап жатыр – Серік Жұманғарин пайымы
АСТАНА. KAZINFORM — Еліміздегі азық-түлік бағасының қымбаттауын қосылған құн салығының артуымен ғана байланыстыруға болмайды. Бұл туралы Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин айтты.
Оның айтуынша, азық-түлік бағасының қалыптасуына бірнеше фактор әсер етеді.
– Азық-түліктің қымбаттауын тек ҚҚС-пен байланыстыруға болмайды. Мұнда көптеген ерекшелік бар. Өздеріңіз білесіздер, біз барлық азық-түлік түрімен өзімізді толық қамтамасыз ете алмаймыз. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бойынша өзімізді 70–90 пайыз аралығында қамтамасыз етеміз. Тек әлеуметтік маңызы бар өнімдерді ғана емес, басқа да тауарларды тұтынатын адамдар олардың импорттық болуы мүмкін екенін түсінуі керек. Бүкіл әлемде азық-түлік бағасы өсіп жатыр, – деді министр Мәжілістің жалпы отырысынан кейін.
Вице-премьердің мәліметінше, өткен жылы күнбағыс майының FAO индексі 124-ті құрап, сүт пен ет бағасы айтарлықтай өскен.
– Бұл нені білдіреді? Экспорттық бағыттарда өнімдерімізге сұраныс артып отыр деген сөз. Соған орай фермерлеріміз өнімін экспортқа шығарғысы келеді. Өйткені ол жақта баға жоғары. Ал біз оларға: «Экспортқа сатпаңыздар, ішкі нарыққа сатыңыздар», – дейміз. Олар: «Маржиналдылықты арттырғымыз келеді», – деп, ішкі нарықтағы бағаны көтереді, – деді Серік Жұманғарин.
Оның мәліметінше, қаңтар айының қорытындысында елімізде азық-түлік инфляциясы 0,8 пайыз болса, Ресейде 2 пайызға дейін жеделдеген.
– Азық-түліктің басым бөлігін Ресейден аламыз. Соған орай импорт инфляцияға әсерін тигізеді. Сондықтан қосылған құн салығының 4 пайызға өсуін бәріне кінәлі деу дұрыс емес, – деді вице-премьер.
Айта кетейік, Қазақстан ЕАЭО елдері арасында азық-түлік бағалары бойынша төмен көрсеткішті сақтап отыр.