Азим Бауыржан: Кассациялық сот –халықаралық стандарттарға жақындататын қадам
ТҮРКІСТАН. KAZINFORM — Еліміздің сот саласында жүзеге асып жатқан реформалар бүгінде өз нәтижесін көрсете бастады. Жалпы аталған салада атқарылып жатқан жұмыс көп. Ал, аймақтағы жағдай қалай? Түркістан облысындағы сот саласында жүзеге асып жатқан жұмыстар барысын білмек болып ҚР Сот әкімшілігінің Түркістан облысы бойынша департамент басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі уәкіл Азим Бауыржан Абубакирұлымен сұхбаттастық.

— Бауыржан Әбубәкірұлы, елімізде соңғы жылдары сот саласында көптеген өзгерістер орын алуда. Әңгімемізді осыдан бастайықшы. Былайша айтқанда, осындай кешенді реформалар жүргізу арқылы саланы жетілдіре түсуге талпыныстар байқалады. Осы бағыттағы жетістіктер судьялардың биылғы съезінде айтылды. Солардың бірқатарын атап өтсеңіз…
— Заңымыз үстем болса, халықтың билікке деген сенімі нығаяды. Осы мақсатта өзіңіз айтқандай сот саласын жетілдіруге бағатталған түрлі реформалар іске асырылуда. Соның нәтижесінде елімізде Конституциялық сот құру туралы шешім қабылданды. Сот жүйесінің институционалдық дербестігі нығайды. Сала бюджетін басқару құзыреті қазылар қауымының өзіне берілді. Күштік құрылымдар судьяларға қысым көрсетпеуі үшін тиісті шаралар қабылданды. Кадрларды іріктеу жүйесі жаңартылды. Бірінші сатыдағы сот төрағасы қазылар қауымының ұсынысымен тағайындалады. Жоғарғы Соттың судьялары Конституцияда көрсетілген жаңа тәртіп бойынша сайланатын болды, яғни, оларды Сенат баламалы негізде таңдайды. Алқа билер тәжірибесі кеңінен қолданыла бастады. Сондай-ақ Әкімшілік әділет қызметі пайда болды.
Судьялардың биылғы бас қосуында Мемлекет басшысы соттардың қызметін одан әрі жетілдірудегі басым міндеттерге де назар аударды. Сот төрелігіне қол жеткізуде соттардың шешіміне кассациялық тәртіппен шағымдану мүмкіндігін беру маңызды екенін атап өтіп, Қасым-Жомарт Тоқаев былай деген болатын:
«Биыл шілде айында қылмыстық, азаматтық және әкімшілік істер бойынша жеке-жеке кассациялық сот құруды қарастыратын заңға қол қойдым. Олар өз қызметіне келесі жылдың 1 шілдесінен бастап кіріседі. Қазір оған қажетті дайындық жұмыстарын жүргізу маңызды. Кассациялық соттардың кадрлық құрамы тәжірибелі судьялардан жасақталуы керек. Кассациялық соттардың дербестігі азаматтарымыздың сот төрелігіне қол жеткізуіне мол мүмкіндік беріп, инвестиция тартуға, бизнес жүргізуге оңтайлы жағдай жасайды. Ең бастысы, бұл әділдік қағидаттарын және құқық үстемдігін толық жүзеге асыруға ықпал етеді. Сонымен қатар бұл қадам Жоғарғы Соттың жүктемесін азайтады. Енді жоғарғы сот органы сот практикасының бірыңғай болуын қамтамасыз ету жөніндегі міндетіне алаңсыз кірісе алады».
Сондықтан, келесі жылдың 1 шілдесінен бастап Астана қаласында жеке кассациялық сот құрылатын болады. Соның нәтижесінде, жергілікті сот шешімдерінің барлығын (кезең-кезеңімен) қайта қарау мүмкіндігі туатын болады. Мұның өз кезегінде халықтың сотқа және мемлекетке деген сенімін арттыра түсетіні анық.
Одан бөлек, кассациялық соттарды құру Қазақстанның сот жүйесін халықаралық стандарттарға жақындататын қадамдардың бірі болып табылады.
— Кассациялық сот неліктен жеке дара сот ретінде ашылмақ? Бұл судьялардың жұмысын жеңілдете ала ма?
— Сұрағыңыз орынды, бұл орайда сот тарихына кішкене көз жүгіртсек, 2015 жылға дейін еліміздегі сот жүйесі бес сатылы болатын, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап біз үш сатылы сот жүйесіне көштік. Олар, бірінші сатылы сот — аудандық және оған теңестірілген соттар, екінші сатыда (апелляциялық саты) — облыстық және оған теңестірілген соттар, үшіншісі сатыда (кассациялық саты) Қазақстан Республикасының Жоғары Соты.
Жалпы статистикалық деректерге сүйенер болсақ, облыстық және оған теңестірілген соттармен қаралған сот шешімдерінің қылмыстық, азаматтық істер бойынша кассацияда қаралу пайызы өте төмен. Бұл азаматтардың сотта қорғалу құқығының шектелуіне әкеп соғады. Конституциямызда әр адамның сот алдында қорғалуға құқығы бар деп айқын жазылған.
Алдағы уақытта елімізде құрылатын кассациялық сот мұндай мәселелердің туындауына жол бермейтін болады. Сотқа жүгінген азаматтар, іске қатысушылар аппеляциялық шағым секілді бірден кассациялық шағым бере алады. Яғни, ол шағым алқалы түрде кассациялық сотта қаралатын болады.
Аталған бастама Жоғары Соты айтарлықтай жүктеме алып келді, сондай-ақ істердің барлығы дерлік кассациялық сатыда қаралуға жатпайтын.
Қазіргі таңда кассациялық сатыда: татуласу келісіммен аяқталған; талап қою сомасы екі мың айлық есептік көрсеткіштен кем болған кезде жеке тұлғалардың және талап қою сомасы отыз мың айлық есептік көрсеткіштен кем болған кезде заңды тұлғалардың мүліктік мүдделеріне байланысты; талап қоюдан бас тартуға байланысты аяқталған істер бойынша азаматтық істер; қылмыстық теріс қылықтар және онша ауыр емес қылмыстар туралы істер бойынша; тергеу судьясы шығарған сот актілері және процестік кодекстерде көрсетілген негіздер бойынша қаралуға жатпайды.
Бұдан бөлек, қаралуға жататын сот істерінің өзі заңды күшіне енген сот актілерін қайта қарау туралы өтініш хат негізінде Жоғары Сот судьясының жеке қарауы арқылы шешілетін. Яғни, Жоғары Сот судьясы өтінішхатты қарап, кассациялық тәртіппен қарауға беру немесе бермеу мәселесін шешетін.
— Әлемдік сот жүйесінің рейтінгінде Қазақстан қай деңгейде келе жатыр?
— Электрондық үкіметтің жаһандық даму индексінде 2023 жылы біздің республикамыз БҰҰ мониторингіне кіретін 193 елдің ішінде 28-орынға жайғасты, ал онлайн-қызметтерді, оның ішінде сот төрелігі секторымен байланысты қызметтерді дамыту деңгейі бойынша — 8-орынды иеленді.
2020 және 2022 жылдардағы Еуропа Кеңесіне мүше мемлекеттердегі соттардың IT-технологияларды қолдануы жөніндегі сот жүйелері туралы CEPEJ шолуларында Қазақстан 47 елдің ішінде 4-орын алды.
Осы орайда, сот жүйесінің реформаларына қатысты шетелдік сарапшылар да өз ойын білдіріп, Қазақстанның сот жүйесін реформалау жөніндегі жетістіктеріне жоғары баға беруде.
Мәселен, Сот төрелігінің тиімділігі жөніндегі Еуропалық комиссияның (CEPEJ) президенті Франческо Депаскуале Қазақстандағы сот реформаларын халықаралық деңгейде мойындалған үлгі ретінде атай отырып, «Қазақстанның сот жүйесіндегі цифрландыру процестері және әділдікке қолжетімділікті арттыру бойынша жетістіктері көптеген ел үшін үлгі бола алады», деп баға берді.
Сонымен қатар, Халықаралық сот әкімшілігі қауымдастығының (IACA) президенті Луис Пальма сот жүйесін жетілдіру бойынша Қазақстанның ұстанымын қолдайтынын айтып, «Қазақстан сот төрелігі сапасын арттыруға арналған көптеген маңызды қадамдар жасады, бұл қадамдар халықаралық стандарттарға сай келеді және әділдік принциптерін нығайтады», деп атап өтті.
— Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңызға рахмет!