Әзірет Сұлтан қорық-музейінде «Түрмеде тамған көз жасы» тақырыбында дөңгелек үстел өтті

Атаулы іс-шара «31 мамыр жалпы ұлттық келісім және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне» орай ұйымдастырылды. Дөңгелек үстел жұмысына қорық-музей директоры Ж.Әубәкір, мәдениет қайраткері Н.Назаров, қалалық білім бөлімінің әдіскері Т.Бегасылов, қуғын-сүргін нәубетінің құрбаны В.Шахимовтың ұлдары Гияс және Аббас Шахакимовтар, Н.Төреқұлов музейінің меңгерушісі Д.Керімбекова, Этнографиялық музейдің қызметкерлері И.Омаралиев және Б.Данияров, қалалық Ә.Темір атындағы №3 мектебінің оқытушысы Г.Шадиева және Х.Нуриллаева және музей қызметкерлері қатысты.
Шараны мұражай қызметкері Қ.Мұсабаев ұйымдастырып жүргізіп отырды. Алғашқы сөз музей директоры Ж.Әубәкірге ұсынылды, нәубетті жылдардың қасіреті жайлы ой қозғап, ондай күндердің қайта келмеуін, тәуелсіз мемлекетімізде тыныштық береке, бірліктің арта беруін атап өтті.
Ойға ой, сөзге сөз қосқан қуғын-сүргін нәубетінің құрбаны В.Шахимовтың ұлдары да өз әкелері жайлы естелік пікірлерін ортаға салды. Дөңгелек үстел басына жиналған қонақтар өздерінің тұшымды ой-пікірлерімен бөлісті. Жиын соңында музей директоры дөңгелек үстелге келген қонақтарға қатысқандығы жөнінде сертификат пен мұражайдың баспа өнімдерінен сый сияпаттар табыстады.