«Азия Автоның» өндірістік қуатын ауыл шаруашылығы техникасын шығаруға бағыттау қажет — Мәжіліс депутаты
АСТАНА. KAZINFORM — «Азия Авто» компаниясының өндірістік қуаттарын ауыл шаруашылығы немесе өзге де техниканы шығаруға бағыттау қажет. Мұндай ұсынысты бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Үкімет басшысының атына сауал жолдаған депутат Серік Ерубаев жасады.
— Дамыған ұлттық автомобиль өнеркәсібі, индустриялық тұрғыдан өркендеген және технологиялық жағынан бәсекеге қабілетті мемлекеттің айқын маркері болып саналады. Тәуелсіздік жылдары Қазақстан өз автомобиль өндірісін қалыптастыруға бірнеше рет талпыныс жасады. Алайда, бұл бағыттағы нәтижелер соңғы жылдарға дейін көрсетілген мемлекеттік қолдаудың көлеміне сай келмей отыр. Оның ең көрнекті мысалдардың бірі — Өскемендегі «Азия Авто» жобасы мен индустриялық алаңға қатысты қалыптасқан жағдай. Көп жылдар бойы аталған кәсіпорын салықтық жеңілдіктер, кедендік преференциялар және индустриялық субсидиялар сияқты елеулі мемлекеттік қолдау алып келді. Ашық дереккөздерге сәйкес, мемлекеттік қолдаудың жалпы көлемі жүздеген миллиард теңгеге бағаланған. Дегенмен, компания нақты өнеркәсіптік локализацияға көшпеді, толыққанды терең қайта өңдеу зауытын салу бойынша міндеттемелерін орындамады және іс жүзінде ұзақ уақыт бойы тек «отверткалық» құрастырумен шектелді, — деді депутат.
Оның дерегінше, «Азия Авто» компаниясына компоненттерді импорттау кезінде 75 млрд теңге, дайын өнімді өткізу кезінде 122 млрд теңге қосымша құн салығынан, 99 млрд теңге кеден төлемдерінен босатылған. Сонымен қатар кәдеге жаратудан 65 млрд теңге иемденген. Осылайша, барлық жеңілдік мен преференциялардың жалпы көлемі 361 млрд теңгені құраған.
— Алайда, мемлекет не жоспарланған өндірістік қуаттарды, не күтілген технологиялық әсер, не жергілікті жеткізушілердің толыққанды экожүйесін жасай алмады. «Азия Автоның» жағдайы жаңа индустриалды жобаларды жүзеге асыру кезінде осындай қателіктердің қайталануын болдырмайтын маңызды және өте қымбат сабақ ретінде қарастырылуы тиіс. Бір кездері «Азия Авто» жобасы ең жоғары деңгейдегі мемлекеттік делегациялардың қатысуымен зор салтанатпен ашылған болатын. Қажетті инфрақұрылым да толықтай жасалды. Қазіргі уақытта осы пайдаланылмай тұрған қуаттардың, уақыт өте келе тозығы шығатыны анық. Мұндайға жол бермей, оларды тиімді пайдалану қажет деп санаймыз, — деді ол.
Мәжілісмен қазіргі уақытта Қазақстанда бірнеше автомобиль өндіріс жобалары жүзеге асырылып жатқанына назар аудартады.
— Атап өтсек, Қостанайдағы көпбрендтік «AllurAuto» кластері мен Алматыдағы «Hyundai Trans Kazakhstan» зауыты. Олар тек автокомплекттерді жинаумен шектелмей, қосалқы бөлшектер өндірісін де жүзеге асыруда. Осыған байланысты, «Азия Авто» компаниясының әлі де өндірістік қуаттарын аталған жобаларды дамыту үшін пайдалану бойынша ұсыныстар әзірлеу, не оларды ауыл шаруашылығы немесе өзге де техниканы шығаруға бағыттау қажет екенін атап өтеміз. Бұл нарықта мәселе тек өндірістік базада ғана емес. «Азия Авто» зауытында бір кездері мыңдаған жергілікті қызметкерлер мен білікті кадрлар еңбек етті. Олардың дағдыларын алдағы уақытта жоғары технологиялық өндірісте пайдалану әлдеқайда тиімді болар еді, — деді Серік Ерубаев.
Депутат Өскемендегі «Азия Авто» компаниясының өндірістік базалары мен инфрақұрылымын әрі қарай дамытуға арналған бағдарламалық құжаттарға енгізу мәселесін пысықтау қажет деп санайды.
— Бұл жұмыстың негізгі мақсаты — аталған өндірістік активтерді сақтап қалу және оларды автомобильдер, ауыл шаруашылығы техникалары, өзге де машина жасау өнімдері мен қосалқы бөлшектер өндірісінде одан әрі пайдалану болуы тиіс. Мұндай бастама Өскемен қаласының тек шикізат немесе металл өндіретін өңір емес, дайын өнім шығаратын тағы да бір жаңа индустриялық орталыққа айналуына айтарлықтай ықпал етер еді, — деді ол.
Бұған дейін «Азия Авто» компаниясының бұрынғы басшысы сырттай 9 жылға бас бостандығынан айырылғанын жазған едік.