Азия чемпионаты: Қазақстан хоккей құрамасы Оңтүстік Кореядан жеңіліп қалды

АСТАНА. KAZINFORM - Алматы қаласында өтіп жатқан шайбалы хоккейден Азия чемпионатының алғашқы ойын күні аяқталды.

Азия чемпионаты
Фото: Іcehockey.kz

Құрлықтық дода алғаш рет Халықаралық шайбалы хоккей федерациясының (IIHF) қолдауымен өткізіліп отыр. 

Қазақстандық хоккейшілер бірінші турда Оңтүстік Корея құрамасымен кездесті. 

Ойын барысында кореялық хоккейшілер 20-минутта есеп ашса, оған 23-минутта Борисевич таразы басын теңестірді.

Ал 24-минутта қайтадан кореялық құрама қайтадан алға шықса, үшінші кеезңде олар тағы екі шайба соғып кетті.

Осылайша Қазақстан құрамасы қарсыласына 1:4 есебімен есе жіберді.

Сондай-ақ аталған турда Жапония құрамасы Қытайды 4:1 есебімен тізе бүктірді.

Енді ел құрамасы 8 қарашада Қытай құрамасымен шеберлік байқасады. Одан кейін 9 қарашада Жапониямен ойнайды. 

Азия чемпионаты 2025 жылы 7-14 ақпан аралығында Қытайдың Харбин қаласында өтетін Азия ойындарына дайындық жарыстары ретінде ұйымдастырылып отыр.

Соңғы жаңалықтар