Азия чемпионатының жүлдегерлері ел біріншілігіне қатыспайды - Қайрат Сәтжанов
АСТАНА. KAZINFORM — Ертең, яғни 18 желтоқсан күні Қарағанды қаласындағы Серік Сәпиев атындағы боксты дамыту орталығында бокстан Қазақстан чемпионаты басталады.

Осыған орай, бокстан Ұлттық құраманың бас бапкері Қайрат Сәтжанов шағын сұхбат беріп, ел біріншілігіне кімдер қатысып, кімдер қалыс қалғаны туралы айтып берді.
- Ел біріншілігіне еліміздің әр өңірінен (ерлер және әйелдер) 400- ден аса боксшы қатысады. Олардың арасында Ұлттық құраманың көшбасшы боксшылары да бар. Алайда, өткенде ғана Таиланд корольдігінің Чиангмай қаласында бокстан өткен Азия чемпионатында ел қоржынына жүлде сыйлаған боксшыларымыз ішкі біріншіліктен босатылды, - деді бас бапкер.
Сонымен қатар, Азия біріншілігінде жүлде алған босшылар ел чемпионатына қатыспаса да, жарыс тартысқа толы боларына сенім артып отырғанын жасырмады.
- Құрлық біріншілігінде жүлде алған боксшылар Ел чемпионатына дайындалып үлгермейтіні анық. Сондықтан оларды босаттық. Бізде өзге де мықты боксшылар жетерлік. Әр өңір өздерінің ең таңдаулы спортшыларын жарысқа қосады. Енді ғана ересектер дуына қосылып жатқан жас талантты боксшылар бар. Сондықтан, ел чемпионаты тартысқа толы боларына сенемін. Жаңа чемпиондар, жаңа есімдер анықталатын күн алыс емес, - деп атап өтті Қайрат Сәтжанов.
Айта кетейік, бокстан Қазақстан чемпионаты 18-24 желтоқсан аралығында Қарағанды қаласында өтеді. Жарыстың ресми ашылу салтанаты 18 желтоқсан сағат 14:00-ге жоспарланған. Әр күні жарыс 14:00-де басталады.