Азия чемпионаты: Әйелдер күресінен Эльмира Сыздықова финалға шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Астана қаласында өтіп жатқан әйелдер күресінен Азия чемпионатында қазақстандық Эльмира Сыздықова (76 келі) алтынға таласады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құрлықтық бәсекеде алғашқы белдесуінде ол өзбекстандық Озода Зарипбаеваны мерзімінен бұрын жеңіп кетті. Одан кейін қытайлық Хуан Вангті ұпай санымен қапы қалдырды.
Енді ол финалда қырғызстандық Айпері Медетқызымен шеберлік байқасады.
Айта кетсек, Э. Сыздықова биыл еліміздің VI жазғы Спартакиадасында топ жарды. Эльмира осыған дейін Азия чемпионатында 1 алтын, 2 күміс, 3 қола алған еді.
Сондай-ақ, ел құрамасынан бүгін Марина Седнева (55 келі), Диана Каюмова (59 келі), Елена Шалыгина (68 келі) қола жүлдеге таласады.
Енді 12 сәуірде әйелдер күресінен 53, 57, 62, 65, 72 келі салмақта балуандар бақ сынайды.
Еске салсақ, грек-рим күресінен Азия чемпионатында ел құрамасы жалпы есепте 3-орынға тұрақтады. Еншісінде 1 алтын, 2 күміс және 5 қола медаль бар.