Азия чемпионаты: Әйелдер күресінен Жәмила Бақбергенова финалға шықты
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 12 сәуірде Астана қаласында әйелдер күресінен Азия чемпионатының екінші ойын күнінде Жәмила Бақбергенова (72 келі) финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Жәмила Бақбергенова ширек финалда тайпейлік Хунг Пин-ценді қапы қалдырса, жартылай финалда моңғолиялық Даваансан Енх Амарды айқын басымдықпен жеңді. Нәтижесінде құрлықтық дода финалына жолдама алды.
Жәмиланың финалдағы қарсыласы - жапониялық Сумире Никура. Қазақстандық балуан былтыр Моңғолияның Улан-Батыр қаласында өткен Азия чемпионатының финалында аталған қарсыласын жеңіп кеткен еді.
Сондай-ақ, ел құрамасынан Нилуфар Раимова (57 келі) мен Альбина Қайыргелдинова (65 келі) 3-орын үшін сайысқа түседі.
Еске салсақ, әйелдер күресінен жарыстың алғашқы күнінде ел құрамасынан Эльмира Сыздықова (76 келі) чемпион атанса, Марина Седнева (55 келі), Елена Шалыгина қола алды.