Азия чемпионаты: Бүгін қазақстандық 10 боксшы шаршы алаңға шығады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін Таиланд астанасы Бангкокте өтіп жатқан бокстан Азия чемпионатында қазақстандық 10 спортшы ширек финалдық кездесулерін өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен 13.00-де басталатын күндізгі сессияда еліміздің 6 боксшысы сынға түседі. Атап айтқанда, Закир Сафиуллин (60 келі) қытайлық Цзюнь Шаньмен, Тұрсынбай Құлахмет (75 келі) өзбек жігіті Исраил Мадримовпен, Василий Левит (91 келі) ирактық Саади Мохаммед Рабеамен қолғап түйістіреді. Қыздар арасында Дина Жоламан (54 келі) қытайлық Шуан Шимен, Римма Волосенко (60 келі) үндістандық Лаишрам Девимен, Ақерке Бақытжан (75 келі) қытайлық Ли Шианмен шеберлік байқасады.

Кешкі сессия Нұр-Сұлтан қаласының уақытымен 17.00-де басталады. Бұл жолы Асланбек Шымбергенов (69 келі) өзбек Бобо-Усмон Батуровпен, Назым Қызайбай (51 келі) үндістандық Заин Нихатпен, Милан Сафронова (64 келі) жапон Аяка Тагучимен, Қамшыбек Қоңқабаев (91 келіден жоғары) иорданиялық Одай Альхивдавимен жекпе-жекке шығады.

Естеріңізге сала кетелік, кеше қазақстандық бірқатар боксшы ширек финал ойындарын өткізді. Олардың арасында Теміртас Жүсіпов (49 келі), Санатәлі Төлтаев (64 келі), Дариға Шәкімова (69 келі), Бек Нұрмағанбет (81 келі) жартылай финалға жолдама алса, Қайрат Ерәлиев (56 келі), Алуа Балқыбекова (48 келі) қарсыластарына есе жіберіп қойды. Одан бұрын Сәния Сұлтанқызы (57 келі), Әнуар Мұзаппаров (52 келі) жарыс жолынан шығып қалған еді.

Фото: www.kfb.kz

Соңғы жаңалықтар