Азия чемпионаты: Гандболдан Қазақстан құрамасы Иранды жеңді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жапонияның Кумамото қаласында гандболдан қыздар арасында өтіп жатқан Азия біріншілігінің екінші туры аяқталды. Осы ойында Қазақстан құрамасы жеңіске жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Азия чемпионаты: Гандболдан Қазақстан құрамасы Иранды жеңді

Екінші кездесуде біздің құрама Иранмен шеберлік байқасты. Бұл ойында қазақстандық гандболшылар өздерін жақсы қырынан таныта білді. Біздің құрама қарсыластарын 41:26 есебімен тізе бүктірді.  Қазақстан гандболшы қыздары ойын көрсетіп жатқан А тобында Жапония Аустралияны 37:18 есебімен жеңді.

Екі турдан кейін көш басында жапон қыздары келеді. Екінші орында Қазақстан құрамасы тұр.Одан кейінгі орындарда Иран, Австралия және Жаңа Зеландия құрамалары орналасқан.  

Қазақстан құрамасы ендігі кездесуін 2 желтоқсанда Жаңа Зеландияға қарсы өткізеді. Ал 5 желтоқсанда Жапониямен кездеседі.

Бұдан бұрын олар Аустралиядан 32:24 есебімен басым түскен еді.

Қазақстан құрамасы Азия біріншілігіне биыл тоғызыншы мәрте қатысып отыр.

В тобында бүгін Қытай Гонконгты 36:10, Оңтүстік Корея Сингапурды 41:9 есебімен жеңді.

Гандболдан қыздар арасындағы Азия біріншілігі 9 желтоқсан күні мәресіне жетеді. Қазақстан құрамасы 2002, 2010 жылдарда Азия чемпионы атағына қол жеткізді.