Азия чемпионаты: Қазақстандық еркін күрес шеберлері үш медаль алды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ел астанасы - Нұр-Сұлтан қаласында өтіп жатқан күрес түрлерінен кадеттер арасындағы Азия біріншілігінде еркін күрестен біздің қоржынға үш жүлде түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Боз кілемге шыққан үш балуан да жүлдегерлер қатарынан көрінді. Дүбірлі додада 80 келіде сынға түскен Бекзат Аманғали финалға дейін жетті. Соңғы сәтте қарсыласына есе жіберіп, күміс жүлдегер атанды. Ал Олжас Олжақанов (65 келі) және Нұрдәулет Қуанышбай (71 келі) қола жүлдені қоржынға салды.
Бұдан бұрын елордада өтіп жатқан Азия чемпионатында грек-рим күрес шеберлері үш медаль алғанын хабарлаған едік.
Айта кетерлігі, аталмыш жарыста Азия құрлығының 14-16 жас аралығындағы жасөспірімдері бақ сынап жатыр. Дүбірлі додаға сарықұрлықтың 19 мемлекетінен 300-ден астам балуан келді. Біздің еліміздің күрес түрлерінен құрамалар сапында 30 балуан бар.
Биыл 14-22 қыркүйекте Нұр-Сұлтан қаласында күрес түрлерінен әлем чемпионаты жалауын көтереді. Онда грек-рим, еркін, әйелдер күресі және грэпплинг шеберлері жиналады.