Азия чемпионаты: Жастар арасында бес қазақстандық қыз чемпион атанды
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Иордания астанасы Амман қаласында бокстан Азия чемпионатында өткен жастар арасында қыздарда жарыс жеңімпаздары анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Құрлықтық додада жастар арасында қыздарда бес қазақстандық алтын медаль алды. Олардың қатарында Томирис Мырзақұл (52 келі), Виктория Байдукова (54 келі), Ұлжан Сәрсенбек (57 келі), Бақыт Сейдіш (66 келі) және Кәмила Бажбенова (81 келі) бар.
Ал Гаухар Шайбекова (70 келі) мен Аида Сарибарова (75 келі) күміс жүлдені қанағат тұтты.
Айта кетерлігі, қазақстандық қыздар төрт салмақта өзбекстандық қарсыластарымен қолғап түйістірді. Оның үшеуінде басым түсті.
Жастар арасында қыздарда тоғыз өзбекстандық финалға шыққан еді. Оның екеуінде ғана қарсыласын жеңді.
Енді жастар арасында ұлдар шаршы алаңға шығады.
Еске салсақ, бұдан бұрын Азия чемпионатында жасөспірімдер арасында жеңімпаздар анықталғанын хабарлаған едік.