Азия чемпионатында Серік Теміржанов тағы бір жүлде алды

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Иорданияның Амман қаласында бокстан өтіп жатқан Азия чемпионатында Серік Теміржанов жартылай финалға шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлем чемпионатының күміс жүлдегері С. Теміржанов 57 келіге дейінгі салмақта иорданиялық Юсеф Иашишпен шеберлік байқасты.

Шаршы алаңның иесі алға ұмтылғанымен, Серік жақсы күтіп алып, дәл соққылармен тойтара білді. Екінші раундта иорданиялық боксшыға ескерту де жасалды. Төрешілер пікірі бір жерден шықты – 5:0, С. Теміржановтың пайдасында.

Осылайша, Серік Теміржанов тағы бір жүлдеге қол жеткізді. Бұл – Қазақстан үшін оныншы медаль.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Азия чемпионатында Жазира Орақбаева мен Жайна Шекербекованың жартылай финалға жолдама алғанын жазған болатынбыз. Карина Ибрагимова жүлдегерлер қатарына қосылды.

Сондай-ақ, Сәкен Бибосынов Азия чемпионатының жартылай финалына шықты. Ол финалға шығу үшін өзі сияқты әлем чемпионы, жапониялық Томоя Цубоймен таласады.

Бокстан Азия чемпионатында Қазақстан қоржынына сегізінші медаль түскенін де хабарлаған едік.

Азия чемпионатында қазақстандық жеті боксшы медаль үшін сынға түсетіні хабарланды.

Соның бірі Махмуд Сабырхан медаль жеңіп алды.

Соңғы жаңалықтар