Азия елдері арасында Қазақстан хоккейшілерінің деңгейі жоғары –қытайлық көрермен
ХАРБИН. KAZINFORM – Харбин қаласының тұрғыны Ван Руи хоккейден Қазақстан мен Қытай құрамалары арасындағы кездесуден кейін Kazinform тілшісіне сұхбат берді. Ол әңгіме арасында қазақстандық хоккейшілердің деңгейі Азия елдері арасында жоғары екенін айтты.

Қытайлық көрермен 1996 жылы осы аренада екі ел құрамасы арасындағы өткен кездесуді еске алды.
– Ол жылы Қазақстан құрамасы қателеспесем 22:0 есебімен жеңіске жетті. Бұл жолы Қытай құрамасы жақсы ойын көрсетті. 1 шайба салды. Қазақстан хоккей спорты бойынша Азия елдерінің арасында алдыңғы қатарда тұр. Олардың деңгейі өте жоғары екенін айта кеткен жөн. Қазақстандық спортшылардың денесі ірі және күші мығым. Ойында барлық жағынан басымдылығы айқын көрініп тұрды, - дейді Ван Руи.
Оның айтуынша, Қазақстан хоккейшілері финалда Жапониямен чемпиондыққа таласуы мүмкін.
– Қытай құрамасы жүлдеден үмітті. Алдыңғы үштіктен көрінеді деп топшылаймын. Ал чемпиондық матч Қазақстан мен Жапония арасында өтуі мүмкін. Қазақстан құрамасына сәттілік тілеймін, - деді қытайлық көрермен.
Айта кетейік, IX қысқы Азия ойындары 2025 жылдың 7-14 ақпаны аралығында Қытай Халық Республикасы Хэйлунцзян провинциясының Харбин қаласында өтеді. Спортшылар 11 спорт түрі бойынша 64 медаль жиынтығын сарапқа салады.