Азия ойындары: Қазақстандық спортшылар салтанатты ашылу рәсімінде делегациялар шеруінде жүріп өтті

Азия ойындары
Фото: people.com.

Қазақстан ұлттық құрамасы Қытайдың Ханчжоу қаласында бүгін XIX жазғы Азия ойындарының салтанатты ашылу рәсімінде делегациялар шеруінде жүріп өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Дүбірлі додада Азия Олимпиада кеңесі (АОК) құрамындағы 45 елден 12 500-ден астам спортшы келеді деп күтілуде. Бұл - рекордтық көрсеткіш.

Қытай төрағасы Си Цзиньпин 19-шы Азия ойындарының ашылу салтанатына қатысып отыр. Ол дүбірлі доданы ашық деп жариялайды деп жоспарланып отыр.

2018 жылы Индонезияда өткен Азиадада 11 300 адам тіркеліп, жаңа рекордтық көрсеткіш орнаған еді.

Жазғы Азия ойындарында 8 спорт түрінен Париж Олимпиадасына жолдама беріледі. Бәсекеде 40 спорт түрінен жүлделер сарапқа салынады.

Оның ішінде Олимпиада бағдарламасына кіретіні 27, қалған үшеуі - олимпиадалық емес спорт түрі. Еліміз мұндай маңызды шараға өз тарихында сегізінші мәрте қатысады.

Дүбірлі доданың салтанатты ашылу рәсімінде еліміздің атынан бокстан ұлттық құрама капитаны Асланбек Шымбергенов пен биіктікке секіруден көшбасшымыз Надежда Дубовицкая ту ұстап шықты.

Асланбек 1993 жылы 9 қазанда Жамбыл облысында дүниеге келген. Ол – бокстан әлем және Азия чемпионы, Джакартадағы жазғы Азия ойындарының күміс жүлдегері.

Ал Надежда 1998 жылы 12 наурызда Семей қаласында дүниеге келген.

Биыл еліміздің атынан Ханчжоу қаласында 30 спорт түрінен 524 қазақстандық (262 ер, 262 әйел) саңлақ бақ сынайды.

Соңғы жаңалықтар