Азия ойындары: Шахматтан еліміздің атынан 10 спортшы бақ сынайды
Қытайда бүгін жалауын көтеретін XIX Жазғы Азия ойындарында еліміздің атынан шахматтан 10 спортшы бақ сынайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Дүбірлі додада қазақстандық Ринат Жұмабаев, Әлішер Сүлейменов, Қазыбек Нөгербек, Алдияр Аңсат, Рамазан Жалмаханов, Бибісара Асаубаева, Жансая Әбдімәлік, Динара Сәдуақасова, Меруерт Камалиденова және Алуа Нұрманова сайысқа түседі.
Айтулы шара барысында олар командалық жарыста классикалық шахмат, жеке есепте рапид бойынша бақ сынайды. Жеке біріншілікте ерлер арасында Ринат Жұмабаев пен Қазыбек Нөгербек, әйелдер арасында Бибісара Асаубаева мен Жансая Әбдімәлік жүлделерді сарапқа салады.
«Біз Азиадаға өте мықты құрамды алып барамыз. Олардың жетістігіне сенімдіміз. Айта кетсек, Қазақстан бұған дейін шахматтан 2006 жылы Мұртас Қажығалеев Катар астанасы Дохада өткен Азия ойындарының чемпионы атанды. Бұл жолы жақсы нәтижеге жетенімізге сенеміз. Біздің шахматшыларымыз тамаша формада, оларға сәттілік пен үлкен жеңістер тілейміз. Біз өз командамызды қолдаймыз», – дейді Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Гүлмира Дәулетова.
Жазғы Азия ойындарының ресми ашылу салтанаты бүгін, 23 қыркүйекте Чжэцзян провинциясының Ханчжоу қаласында өтеді. Жарыс 8 қазанға дейін жалғасады.