21:31, 07 Қазан 2023 | GMT +5
Азия ойындары: Шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасы үшінші орын алды
Шахматтан Қазақстан әйелдер құрамасы Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында қола жүлде алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Құрама сапында Жансая Әбдумәлік, Бибісара Асаубаева, Алуа Нұрманова, Меруерт Камалиденова және Динара Сәдуақасова ел намысын қорғады.

Ел құрамасы шешуші 9-турда Өзбекстанды 3:1 есебімен жеңіп, 3-орынға ие болды.
Алғашқы орынға Қытай қол жеткізсе, екінші орын Үндістан еншісіне бұйырды.

Еске салсақ, бұдан бұрын су добынан еліміздің ерлер құрамасы Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында қола жүлде алды.

Ел құрамасы 3-орын үшін өткен ойында Иранмен шеберлік байқасты. Кездесудің негізгі кезеңі 7:7 есебімен тең аяқталды. Буллит сериясында қазақстандық спортшылар 3:2 есебімен жеңіске жетті.