Азия ойындарында тарихи алтын жеңген Темірлан Тілеулес елге оралды
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Жапонияда өткен ХХ жазғы Азия ойындарында қатысқан спортшылардың тағы бірі легі Алматыға ұшып келді.
Елге оралған спортшылардың қатарында таеквондодан қола жүлдегер Батырхан Төлеуғали, виртуалды таеквондодан қола жүлдегер Рита Бакишева, еркін күрестен қола жүлдегер Нұрқожа Қайпанов, сондай-ақ күміс медаль иеленген Қазақстанның су добы құрамасы елге оралады.
Сондай-ақ тарихи жетістіктің иесі Темірлан Тілеулес те Алматыға келді. Ол таеквондодан ерлер арасында 58 кг дейінгі салмақ дәрежесінде қазақтан шыққан тұңғыш Азиада жеңімпазы атанды.
Оған дейін Азия додасында отандық спортшылар бірнеше мәрте күміс иеленген болатын. Олар: Феруза Ергешова (Гуанчжоу-2010, 73 кг), Нұрсұлтан Мамаев (Инчхон-2014, -58 кг) және Жансель Дениз (Джакарта-2018, 73 кг).
Алматы әуежайында спортшыларды туған-туыстары мен достары, әкімдік пен федерациялар өкілдері салтанатты түрде қарсы алды. Ал Темірлан Тілеулес БАҚ өкілдерімен тілдесіп, жарыстан кейінгі өз әсерімен бөлісті.
— Әуежайда жылы қарсы алып, жарыс кезінде қолдау көрсеткен қазақ еліне алғыс айтамын. Жарыс жақсы өтті. Бірақ менің қарсыластарым өте қиын болды. Иран және Корея елдерінің өкілдерімен екінші және үшінші кездесуде жекпе-жек өткіздім. Ал финалда филипиндік спортшыны жеңіп, тарихқа енгеніме қуаныштымын, — деді ол.
Спортшы өзінің тарихи нәтижесі туралы не ойлайтынын да айтып өтті.
— Мен үшін бұл жеңістің маңызы жоғары. Бірінші кезекте қазақстандық таеквондошылар әлемдік аренада ұта алатынын дәлелдедік. Осымен тоқтамаймыз, алда әлем чемпионаты және Олимпиада ойындары бар. Соларды ұтуға тырысамыз, — деді ол.
Еске салайық, Жапонияда XX жазғы Азия ойындары аяқталды. Қазақстан құрамасы 84 медаль олжалап, 46 елдің ішінде жалпыкомандалық есепте сегізінші орынға тұрақтады.