Азия ойындары: Париж Олимпиадасына қай спорт түрінен жолдама беріледі

Дүбірлі дода 23 қыркүйек пен 8 қазан аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтеді.
Жазғы Азия ойындарында 8 спорт түрінен Париж Олимпиадасына жолдама беріледі. Бәсекеде 40 спорт түрінен жүлделер сарапқа салынады.
Азия ойындарында бокстан Париж Олимпиадасына 13 жолдама беріледі. Оның жетеуі ерлерге, алтауы әйелдер арасындағы боксшыларға тиесілі.
Ал садақ атудан 3 лицензия ерлер, әйелдер, аралас команда бойынша үлестіріледі.
Сондай-ақ заманауи бессайыста 2 (ер және әйел), брейк-данста 2 (ер және әйел), үлкен теннисте 5 (ер, әйел, жұптық ерлер, жұптық әйелдер, аралас жұптар), су добынан 2 (ерлер және әйелдер құрамасы), көркем жүзуде 2 (әйелдер дуэті, командалық сайыс), көгалдағы хоккейде 2 (ерлер, әйелдер құрамасы) жолдама беріледі.
Олимпиада бағдарламасына кіретін өзге спорт түрлерінен жолдама әлем чемпионатынан кейін өз иесін табады.
Еске салсақ, бұдан бұрын су добынан Азия ойындарына баратын ҚР әйелдер құрамасы анықталды.