Азия ойындары жоғары деңгейде ұйымдастырылды - Непал олимпиада комитетінің Бас хатшысы Джеван Рам Шреза

АЛМАТЫ. 7 ақпан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/- 7-Қысқы Азия ойындары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Маған Шымбұлақ өте ұнады, өте әсем, табиғаты керемет жер екен. Ондағы спорттық орындардың барлығына жоғары баға береміз.
None
None

Бұл туралы Непал олимпиада комитетінің бас хатшысы Джеван Рам Шреза ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында айтты.

Оның айтуынша, Азия ойындарының екі қалада өткізілуі ол тәжірибелікті және де іскерлікті талап етеді. "Үлкен спорттық шараны өткізу оңай шаруа емес, бұл нағыз іскер басшылардың арқасында, елді басқарып отырған Президенттің арқасында жоғары деңгейде өтіп жатыр деп білеміз. Біз Азиаданың ашылуында болдық. Керемет өтті, бір сөзбен айтқанда тәнті болдық. Біздің көзқарасымыз бойынша шараның өте жақсы өтуі тек дамыған елдерде, мерейі үстем мемлекеттерде ғана болады. Мұндай спорттық доданы өткізіп отырған ел - Қазақстан абыройлы мемлекет", - деп атап өтті Джеван Рам.

Ол сонымен қатар: "Қазақстанға келгелі біз Астана қаласында да, Алматыда да болдық, осы уақыттың ішінде біз қазақтардың қонақжайлылығына тәнті болдық. Біз ыстық жердің адамдарымыз, Қазақстанға келгенде күн суық болды, қазақ ұлтының қонақжайлылығы, ыстық қабылдауы бізді сол суықтан қорғады. Сол үшін рахмет сіздерге! Адамдары тәрбиелі, мәдениетті екен. Мұнда көптеген достар таптық", - деді.

Ол сондай-ақ: "Мен Алматыға екінші рет келіп отырмын. Алматының Астанаға қарағанда табиғаты тамаша екен. Бірақ, Астана әлем қойып жатқан стандарттарға сәйкестігімен тәнтті етті, ғимараттары әсем де, көрікті екен", - деп атап өтіп, өз тілегін білдірді. "Қазақ спортшыларына алдағы уақытта да биіктерден көріне берулеріне тілектеспін! Елдеріңізге, барша қазақстандықтарға бақыт тілеймін!", - деді Джеван Рам Шреза мырза.

Соңғы жаңалықтар