Азия ойындарында Қазақстан құрамасының бейресми жалпыкомандалық есепте топ жаратындығына сенімім мол – спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен

АТЫ. 19 қаңтар. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Бүгінде 7-Қысқы Азия ойындарынан тікелей көрсетілімдер жасайтын «Қазақстан», «Хабар», «Еларна» телеарналары дүбірлі додадан хабар тарататын спорт комментаторларын түгендеп, олардың қатарын жастармен толықтырып жатыр.
None
None

Солардың бірі - допты хоккейден (бенди) Қазақстан ұлттық құрамасы өткізетін кездесулердің тікелей көрсетіліміне жүргізушісі болып бекітілген жас спорт журналисі, www.footbol.kz сайтының Бас редакторы Ермұхамед Мәулен ҚазАқпарат тілшісімен сұхбатында алдағы Азиададағы Қазақстан құрамасының мүмкіндіктері жайлы ой бөлісті.

- Ермұхамед Мұратбекұлы, алдағы Азиадада допты хоккейден Қазақстан құрамасының жеңімпаз атануына мүмкіндігі бар ма?

- 7-Қысқы Азия ойындарының тізіміне Қазақстан өткізуші ел ретінде допты хоккей (бенди) және шаңғымен бағдарлау сынды спорт түрлерін енгізген болатын. Жалпы, допты хоккей Азия құрлығында кенже дамыған. Қазақстан құрамасы алдағы Азиадада спорттың осы түрінен топ жаруды көздеп отыр.

Негізі, бұл ойынның шығу төркіні Ресей мен Скандинавия елдерінен бастау алады. Бүгінде де сол елдерде, сонымен бірге, Еуропа мен Америкада жақсы дамыған.

Спорттың бұл түрі елімізде 1950 жылдан дами бастаған екен. Алматының «Динамо» командасы КСРО заманында Одақ, онан соң Еуропада жеңімпаз атанған кездер болған. Яғни, Қазақстанда допты хоккейдің бұрыннан ізі бар деген сөз. Дегенмен, спорттың бұл түрі барлық Азия құрлығында жақсы дамыған деп айта алмаймын. Бұл орайда қалыптасқан дәстүрге көз жүгіртетін болсақ, біздің команданың жеңімпаз атануға мүмкіндігі мол.

- Азиада кезінде допты хоккейден өтетін ойындарды жүргізбекшісіз. Бұл мүмкіндік Сізге қалай бұйырды?

- Жалпы, бізде қысқы спорт түрлерін жүргізетін комментаторлар мүлде аз. Сондықтан телеарналарда Азиада ойындарын жүргізетін комментаторларға деген сұраныс туып, байқау жарияланды. Мен өз бағымды сынамақ боп, сол байқауға қатыстым. Бұл тамыз айында басталған болатын.

Алғашқы сынағым - футболдан Еуропа чемпиондары лигасы аясында өткен «Интер»-«Вердер» кездесуі болды. Онан соң да біршама ойындар жүргіздім. Сол сәттерде елге белгілі танымал комментаторлар - Есей Жеңісұлы мен Павел Цыбулин ақыл-кеңестерін беріп, шеберлігімді шыңдауыма көмектесті. Жалпы, Алматыда Ақ Азиада спорттың 11 түрінен жарыстар өтеді, олар жеребе арқылы «Қазақстан», «Хабар» және «Еларна» телеарналарына теңдей бөлінген. Соған сай, әр телеарнада 4 шығармашылық топ болуы керек. Мен соның ішінде Ұлттық арнаның байқауына қатысып, жеңімпаз атандым. Мен және басқа да үмікерлер таңдалғаннан кейін, шеберлік шыңдау сынақтарынан өте бастадық, арнайы дәрістер оқылды. Бұл дайындықтар әлі күнге жалғасуда. Онан соң әрқайсысымыздың қандай қысқы спорт түрлеріне бейім екендіктерімізді анықтады. Нәтижесінде, Ұлттық арнадан көрсетілетін 4 қысқы спорт түрінің ішінен допты хоккейден репортаж жүргізу менің еншіме тиді. Ол Азиада басталуына 1 ай қалғанда белгілі болды. 1 айға жуық уақыт болып қалды бендидің тарихын мен ережелерін, спорттың осы түрінен танымал болған спортшыларды және осыған қатысты басқа да дүниелерді оқып, зерттеп жатырмын.

- Дайындық жұмыстары қалай жүруде?

- Бұрын тек футболдан Чемпиондар лигасы ойындарын жүргізетінмін. Допты хоккейдің де спорттың басқа түрлері сияқты өзіндік ерекшеліктері, ережелері бар, сондықтан, көп дайындалуға тура келді. Сонымен бірге, бұл ойындардан репортаж жасау үшін режиссерлер мен дыбыс режиссерлері, техникалық мамандар - барлығымыз қазіргі уақытта «Медеу» мұз айдынында соңғы дайындықтарымызды пысықтаудамыз. Оған қоса, дайындық жұмыстарымызды қазақ және орыс тілді комментаторлар болып Қазақстан Бенди одағымен келісе отырып жүргізудеміз. Бұл біздің білім базамыз бен сөйлеу шеберлігіміздің жетілуіне үлкен көмегін тигізіп жатыр.

Дайындық жұмыстары барысында спортшылардың қай жақтан шығып, қай жерде отыратындары, ойын алдында қанша минут жаттығатындықтары жайлы және басқа да қажетті мәліметтермен танысып жатырмыз. Сондай-ақ спорт кешеніндегі құрылған жаңа техникалармен жұмыс жасауды үйренудеміз. Айта кететін тағы бір жәйт, комментаторлық барысында ойын алаңдарынан тікелей байланысқа шығу жолдары да қарастырылуда.

- Сіздің жүргізуіңізбен қандай ойындарды тамашалайтын боламыз?

- Мен Қазақстан ұлттық құрамасының топтық турнирдегі 3 ойынын, атап айтқанда Қырғызстан, Тәжікстан, Моңғолия құрамаларымен болатын кездесулерін және жартылай финал мен ақтық сын ойындарын тікелей көрсетілімде жүргіземін.

- Алдағы 7-Қысқы Азия ойындарында Қазақстан құрамасы бейресми жалпыкомандалық есепте бірінші орын алуды көздеп отыр. Сіздің ойыңызша, бұндай мүмкіндігіміз бар ма?

- Қазақстан құрамасы 1999 жылғы Оңтүстік Кореяның Канвондо қаласында өткен 4-Қысқы Азия ойындарында бейресми жалпыкомандалық есепте 3-орын алған екен. Одан кейін болған екі бірдей қысқы Азия ойындарында үздік бестік қатарынан табылған. Алайда бұл көрсеткіштерге қарап еліміздегі қысқы спорт түрлері дамымай, кенжелеп қалған деген ой тумауы тиіс. Ванкувер Олимпиадасында күміс алған биатлоншы Елена Хрусталева Азиадада алтыннан алқа тағынады деп үміттеніп отырмыз. Бұдан бөлек шаңғымен тұғырдан секіру, мәнерлеп сырғанау және басқа да спорт түрлерінен алтын медаль алуға орасан зор мүмкіндіктеріміз бар. Жоғарыда айтып өткенімдей, допты хоккейден де алтын алуға қауқарымыз жетеді. Азиаданың өз елімізде өтетіні және жанкүйерлердің қызу қолдауы спортшыларымызға үлкен жауапкершілік жүктеп қана қоймай, жігеріне жігер қосып, оларды қанаттандыра түсетіні сөзсіз. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтатын болсам, Ақ Азиадада Қазақстан құрамасының бейресми жалпыкомандалық есепте қара үзіп, топ жаратындығына сенімім мол.

- Сұхбатыңызға рахмет!

Соңғы жаңалықтар