Азия ренессансы: Тоқаевтың Боао форумындағы негізгі месседжі қандай болды

Тоқаев Боао форумында
Фото: Ақорда

Қытайдың Хайнань провинциясында Боао Азия форумы өтті. Оған дүниенің түкпір-түкпірінен делегаттар жиналды. Мәртебелі меймандардың ішінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та бар. Мемлекет басшысы форумның пленарлық сессиясында сөз сөйлеп, «жаһанда Азия ренессансы басталды» деді. Президент бұдан басқа қандай мәселелерді қозғады? Отандық сарапшылар Мемлекет басшысының сапарына қатысты қандай пікір білдірді? Толығырақ Kazinform тілшісінің шолуынан оқыңыз.

Боао Азия форумы

Биыл 23-рет ұйымдастырылып отырған форум «Азия және әлем: ортақ сын-қатерлер, ортақ жауапкершілік» ұранымен өтіп, төрт тақырып: «Әлемдік экономика», «Ғылыми-техникалық прогресс және инновация», «Әлеуметтік даму» және «Халықаралық ынтымақтастық» аясында конференция ұйымдастырылды.

Әлемнің 60-тан астам елі мен аймағынан 2 мыңға жуық өкіл және әлемнің 40-қа жуық елінен 1,1 мыңнан астам журналист тартылды. Боао Азия форумы – аймақтық экономикалық интеграцияны ілгерілетуге және Азия мемлекеттерінің бірлескен дамуына ықпал етуге арналған үкіметтік емес және коммерциялық емес халықаралық ұйым. 2001 жылы Қытайдың бастамасымен құрылған Боао үкіметтік емес Азия форумы (АФБ) өңірдің үкіметаралық, іскерлік және ғылыми топтарының өзара іс-қимылын нығайтуға, сауда-экономикалық алмасулар мен интеграциялық үдерістерге ілгерілетуге бағытталған. Ұйымның бас кеңсесі Хайнань провинциясының Боао елді мекенінде орналасқан. Форумның мақсаты – Азиядағы аймақтық экономикалық интеграцияны қолдау. Боао Азия форумын «Шығыс Давосы» деп те атайды.

Мәртебелі мейман

Мемлекет басшысы форумның ашылу салтанатына арнайы қатысып, пленарлық сессиясында құрметті қонақ ретінде сөз сөйледі. Президент осы онжылдықтың ортасына қарай жаһандық жалпы ішкі өнімнің өсу қарқыны соңғы 30 жылда ең төменгі деңгейге түсетіні айқындала бастағанын атап өтті. Сонымен қатар, ол жетекші елдер арасындағы сауда қатынастарының шиеленісуі – әлі де әлемдік экономиканың алдында тұрған негізгі сын-қатерлердің бірі екенін айтты.

«Азия ренессансы»

Сондай-ақ, Президент жаһанда «Азия дәуірі басталды» деп экономикалық көрсеткіштерді дәлел ретінде келтірді.

Әлемдегі ірі 30 қаланың 21-і Азия құрлығында орналасқан. 2030 жылға қарай орта таптың тұтыну көлемінің өсімі 30 триллион доллар болмақ. Болжам бойынша оның 1 триллион доллары ғана батыс экономикасына тиесілі. Осы факторлардың барлығы мұның «Азия ренессансы» екенін көрсетеді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының бас сарапшысы Әділ Кәукенов Мемлекет басшысының Азияның жаһандық дамудағы роліне ерекше тоқталғанын атап өтті.

Әділ Кәукенов
Фото: ҚР Президенті жанындағы ҚСЗИ

 

Бүгінде Азия құрлығы тек ренессанс дәуірін бастан кешіп жатқан жоқ, мықты даму сатысында тұр деуге болады. Әлеуеті күшейіп келеді. Азия жаһандық жалпы ішкі өнімге, ғылыми-техниканың дамуына елеулі үлес қосып отыр. Кейбір салада тіпті шешуші роль атқарып жатыр. Сондықтан Қазақстанның сыртқы саяси және экономикалық бағдары Азияға бұрылғаны заңды деуге болады. Президент әлемдік процестерді жақсы түсінетін және білетін тәжірибелі дипломат ретінде мұны үнемі атап өтеді және Азиядағы жетекші форумдардың бірі саналатын Боао форумында да осыған мән бергені бекер емес, – деді Әділ Кәукенов.

Қазақстан экономикасын екі есе ұлғайтуды жоспарлап отыр

Мемлекет басшысы еліміздің алдағы жоспарын да бөлісті.Президент бұл факторды жайдан-жай атаған жоқ. Форумға ірі кәсіпкерлер мен инвесторлар қатысып отыр және бұл олардың қызығушылығы мен сенімін арттыруға ықпал ете алады.

Былтыр еліміздің экономикалық өсімі 5,1 пайызды құрады. Бұл әлемдік экономиканың болжамды даму қарқынынан шамамен екі есе көп. Біз ортамерзімді перспективада экономиканың өсімін кемінде 6 пайыз деңгейінде ұстап тұруды және 2029 жылға қарай оның көлемін екі есе ұлғайтуды жоспарлап отырмыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев пленарлық сессияда.

Президент Орталық Азияда бидай өндіруден жетекші ел ретінде Қазақстан ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін жаһандық азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін пайдалануға ниетті екенін мәлімдеді. Әсіресе, азық-түлік тапшылығын сезініп отырған мемлекеттердің көптігін (дүние жүзінің үштен бір бөлігі – ред.) ескерсек, бұл жаһандық азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз етуге үлесін тигізе алады.

Дүниежүзі тұрғындарының шамамен үштен бір бөлігі әлі де азық-түлік тапшылығын сезініп отыр. Орталық Азияда бидай өндіру бойынша жетекші ел саналатын Қазақстан өзінің ауыл шаруашылығы саласындағы әлеуетін жаһандық азық-түлік тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін пайдалануға ниетті, – деді ҚР Президенті Боао Азия форумында.

«Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін дамыту

Қазақстан көршісімен тату, ал алыстағы елдермен сыйлы қарым-қатынас құрған ел ретінде бұл бағытынан ешқашан таймайды. Сондықтан Қасым-Жомарт Тоқаев Азия елдері арасындағы көлік-транзит ынтымақтастығын нығайтудың стратегиялық мәні зор екеніне назар аударды.

Қазіргі және жаңа көлік бағыттарын дамыту үшін барынша күш-жігер жұмсау аса маңызды. Транскаспий халықаралық көлік бағыты немесе «Орта дәліз» осы санатқа жатады. Аталған көлік бағдары Азия мен Еуропа арасындағы жеткізу тізбегінің қауіпсіздігін әлдеқайда тиімді қамтамасыз етеді. Былтыр осы бағыттағы жүк тасымалы екі есе артып, 3 миллион тоннаға жетті. Алдағы жылдары бұл көрсеткіш 10 миллион тоннаға жетеді деген болжам жасап отырмыз. Сондай-ақ Қазақстан «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізін дамытуда көрші елдермен ынтымақтастық орнатуға дайын, – деді Мемлекет басшысы.

Президент Боа форумында
Фото: Ақорда

 

Сарапшы Әділ Кәукенов Президенттің еліміздің логистикалық әлеуетіне ерекше тоқталғанын атап өтті. Себебі халықаралық логистика Қазақстан экономикасы үшін жаңа серпін берді және қазақстандық компаниялар Азия мен Еуропаны байланыстыратын бағдарда халықаралық қызмет көрсетіп жатыр.

Қазақстан Азия мемлекеті ретінде өңірдегі интеграциялық даму, жаңа идеяларды және жаңа бағыттарды құруға белсене қатысуы керек. Қазақстан мен Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасындағы өзара ынтымақтастығы елімізде логист деген жаңа мамандықты құруға және дамытуға ықпал етті. Мұны ерекше атап өту керек. Халықаралық логистикада қазақстандық компаниялардың қызметіне сұраныс артты. Себебі біздің компаниялар бұл бағытта ірі логистикалық қызмет көрсетіп жатыр. Сонымен қатар, еліміздің геостратегиялық орналасуы Орталық Азия мен Шығыс Азия, Орталық Азия мен Оңтүстік-Шығыс Азияны ғана емес, Азия мен Еуропаның құрғақ жол арқылы қосқан ірі логистикалық бағыт болып отыр. Бұл бағыттың басым бөлігі біздің елімізде жатыр, – деді Әділ Кәукенов.

Қазақстан мен Қытай тек көрші емес, тиімді әрі маңызды серіктес

Ал Қазақстан мен Қытай қарым-қатынасы бүгінде тиімді серіктестіктің үлгісі саналады. Еліміз Қытайдың Орталық Азиядағы негізгі сауда-экономикалық серіктесіне айналды. Тіпті Қытайдың аймақтағы сауда-саттығы мен салған инвестициясының тең жартысы Қазақстанның үлесіне тиесілі.

Былтыр Қазақстан мен Қытай арасындағы тауар айналымы 41 миллиард доллар болды. Бұл – тарихи рекордтық көрсеткіш. 2023 жылы елдеріміз арасындағы жүк тасымалының көлемі 22 пайызға артып, шамамен 30 миллион тоннаға жетті. Осыдан он жылдан астам уақыт бұрын ҚХР Төрағасы Си Цзиньпин Қазақстанға жасаған сапары кезінде «Бір белдеу, бір жол» ауқымды мегажобасын таныстырған болатын. Аталған жоба Шығыс пен Батыс арасындағы негізгі көпір қызметін атқарады, ал Қытайдан Еуропаға құрлық жолымен тасымалданатын жүктің 80 пайызы Қазақстан аумағы арқылы өтеді. Бұл маңызды артықшылықты біз толыққанды пайдалануға тиіспіз. Біздің өз инвестициямыз да «Бір белдеу, бір жол» бастамасымен стратегиялық тұрғыдан сабақтас әрі заманауи, мультимодальды, экологиялық тұрғыдан қауіпсіз және орнықты инфрақұрылым құруға бағытталған, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Тоқаев пен Си Цзиньпин
Фото: akorda.kz

 

Иә, бүгінде Қазақстан Орталық Азияда қарқынды дамып келе жатқан ел, ал Қытай тек Шығыс Азияның емес, әлемнің экономикалық көшбасшысы болып отыр. Сондықтан екі елдің ынтымақтастығы Еуразия құрлығындағы мемлекеттердің өзара байланысына ықпал ететіні сөзсіз, дейді Әділ Кәукенов.

Себебі бұл елде тек өндіріс қана емес, жоғары технологиялық өнімдердің көбін қытайлықтар шығарады. Сондықтан екі елдің бір-бірімен етене араласуы және өзара ынтымақтастық арқылы дамуы ешкімді таңғалдырмайды. Бұл – заңды. Бұдан бөлек екі елдің өзара ірі жобалары тек екі елге ғана емес, Еуразия континенті үшін маңызды қызмет етіп жатыр. Мысалы, қытайлық Иу қаласынан пойыздар Қазақстан арқылы Лондонға жетеді. Қазір Транскаспий бағыты арқылы жаңа бағыттар ашылып жатыр. Яғни, Қазақстан мен Қытайдың ынтымақтастығы тек екі елдің емес, тұтас өңірдің – Орталық Азия мен Шығыс Азия, Оңтүстік-Шығыс Азия тіпті Еуразия құрлығының өзара ықпалдастығы деуге болады, – деді ҚСЗИ сарапшысы.

Астана халықаралық форумына шақыру

Осылайша, Мемлекет басшысы Азия өзінің экономикалық, технологиялық және мәдени артықшылықтарын пайдалану арқылы әлемнің келешек даму бағытын айқындауда шешуші рөл атқара алатынына сенім білдірді.

Сондай-ақ, Президент Боао Азия форумы және Астана халықаралық форумы (AIF) сияқты маңызды халықаралық диалог алаңдарының практикалық перспективасы зор екенін атап өтті және БАФ қонақтарын 2024 жылғы маусымда өтетін Астана халықаралық форумына шақырды.

Мемлекет басшысының Боао форумына қатысуының мәні неде?

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға екі күндік жұмыс сапары барысында БАФ пленарлық сессиясынан кейін бірқатар халықаралық ұйым және компания басшыларымен кездесіп, келіссөз жүргізді. Бұл ретте Мемлекет басшысының осы жиынға қатысуының және еліміз үшін маңызын сарапшы Әділ Кәукеновтің сөзімен қорытындыласақ дейміз.

Қазақстан үшін мұндай әлеуетті форумдарда өзінің бағыты мен бағдарын айту, көрсету маңызды. Әсіресе, осындай алаңдарда тек ірі кәсіпкерлер мен үкімет басшылары емес, мемлекет басшылары да жиналады. Сондықтан Боао форумына қатысудың маңызы зор. Қазақстанның сыртқы саясаты, сыртқы экономикалық қызметінің басты міндеттерінің бірі – еліміздің танымалдығын арттыру, ірі инвесторлар үшін сенімін күшейту. Бұл тек қаржы тарту емес, технология және бизнес-процестердің трансферті. Сол себепті Қазақстан Азиядағы ауқымды шараларға қатысады және аталған форумның пленарлық сессиясында Президенттің сөз сөйлеуі әлемдік баспасөздің назарына ілікті. Олар Қазақстан Президентінің осындай форумға қатысуы және сөз сөйлеуіне ерекше мән беріп, жарыса жазды, – деп түйіндеді сарапшы Әділ Кәукенов.

Соңғы жаңалықтар