Азия Ұлттар кубогы: Қазақстан құрамасы төртінші орынды қанағат тұтты

АСТАНА. KAZINFORM – Вьетнам астанасы Ханой қаласында волейболдан әйелдер құрамалары арасында өтіп жатқан AVC Ұлттар кубогында Қазақстан қола жүлде үшін алаңға шықты. 

Азия Ұлттар кубогы: Қазақстан құрамасы төртінші орынды қанағат тұтты
Фото: volley.kz

Отандастарымыз Қытайлық Тайбэймен шеберлік байқасты.

Қазақстан құрамасы матчты сәтті бастады – 25:22. Алайда сол қарқынын жалғастыра алмады – 13:25, 16:25, 13:25. Қорытынды есеп – 1:3.

Қазақстан өткен жылы осындай жарыста күміс жүлдеге ие болса, биыл жүлдеден тыс қалды. Сөйтіп жуырда мәскеулік «Динамо» командасының бас бапкері болып тағайындалған Ришат Гилязутдинов жаттықтыратын қазақстандықтар көздеген мақсат үдесінен шыға алмады. Топтық бәсекеде Иранмен ойында Қазақстан құрамасының капитаны Сана Анарқұлованың жарақат алып қалуы жағдайды қиындата түсті.

Жалпы, 2008 жылы Бейжің Олимпиадасына қатысып, Азия додаларында жүлделі орындардан көрініп жүрген Қазақстан әйелдер құрамасының деңгейі түскені байқалады. Бұрын Қытай, Жапония, Корея, Таиланд сияқты Азия үздіктерімен тайталаса алатын Қазақстан Вьетнам өз алдына, биыл Филиппин, Қытайлық Тайбэйге де есе жіберді. 

Еске сала кетейік, бұдан бұрын волейболдан Ұлттар кубогында Қазақстан құрамасы қола жүлде үшін алаңға шығатынын жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар