Азия жағажай ойындары: Қазақстан әйелдер командасы топтық кезеңде жеңіске жетті
АСТАНА.KAZINFORM - Қытайдың Санья қаласында VI Азия жағажай ойындары өтіп жатыр, деп хабарлайды ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының баспасөз қызметі.
Бүгін жағажай волейболынан әйелдер командалары топтық кезеңді бастады. Қазақстан-1 командасы (Лаура Қабылбекова мен Надежда Иванченко) Өзбекстан жұбын жеңді. Қабылбекова мен Иванченко екі партияда да айқын басымдық танытып, 2:0 (21:6, 21:6) есебімен жеңіске жетті.
Қазақстан-2 командасы Астана уақытымен сағат 10:00-де Моңғолиямен ойнайды. Сонымен қатар ерлер арасында Қазақстан-1 жұбы бүгін 2-турда Шри-Ланкамен шеберлік байқасады. Матч Астана уақытымен сағат 12:00-ге жоспарланған.
Айта кетейік, жағажайдағы Азия ойындарында үш қазақстандық спортшы джиу-джитсудан қола медаль үшін бақ сынайды.
Жағажай волейболынан Қазақстан командалары жарысты сәтті бастады.