«АзияАвтоҚазақстан» АҚ зауытын іске қосу мерзімін шегеру туралы мәселе қаралған емес - М. Пішембаев

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өскемен қаласындағы «АзияАвтоҚазақстан» АҚ зауытын іске қосу мерзімін кейінге шегеру туралы мәселе қаралған емес. Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Қазақстан машина жасаушылар одағы» бірлестігінің басқарма төрағасы Мейрам Пішембаев осылай мәлім етті.
None
None

Депутаттың сөзіне қарағанда, жалпы алғанда Индустрияландыру картасы аясында әзірше ешқандай түзетулер болған емес. «АзияАвтоҚазақстанға» қатысты ондай мәселе қаралған жоқ. Егер бұл жөнінде қандай да бір әңгіме болған болса, оны біз еститін едік. Сондықтан да әзірше бәрі де ойдағыдай, жоспарға сай», - деді М. Пішембаев.

Оның айтуынша, аталған жоба айтарлықтай ауқымды, жылына 120 мың автокөлік шығарылады. Ең бастысы бұнда тек құрастыру ғана емес, автокөлік компоненттерінің өндірісі де жолға қойылмақ. «Яғни, Елбасы айтқанындай, ірі компаниялар мен комбинаттардың айналасында шағын және орта бизнес дамуы шарт. Егер автокөлік шығарылса, двигатель, трансмиссия, сыртқы қорабы да ірі кәсіпорындарда жасалады, бұл ауқымды жұмыс, кешенді технологиялар желісі. Міне, осының айналасында шағын және орта бизнес дамуы тиіс, біреу автокөліктің доңғалағын шығарса, енді бірі орындықтарын, айнасы мен рулін біреу шығаруы тиіс», - деді депутат.

Еске сала кетсек, бұған дейін «АвтоВаз» бен «АзияАвто»-ның бірлескен жобасы болып табылатын жаңа автозауытты іске қосу 2018 жылға дейін шегерілетіндігі туралы ақпараттар болған. Негізі жоспар бойынша зауыттың іске кірісу мерзімі 2016 жылға белгіленіп отыр.

Соңғы жаңалықтар