Азияда 1 трлн долларлық компания пайда болды
АСТАНА. KAZINFORM — TSMC (Тайвань) нарықтық капитализациясы 1 трлн доллардан асатын бірінші азиялық компания болды, деп хабарлады Forbes.ru.

TSMC нарықтық капитализациясы 29,82 трлн жаңа Тайвань долларын($1,013 трлн) құрады.
Бұл ретте инвесторлардың жасанды интеллект дәуірінде компанияның көшбасшылықты сақтап қалу қабілетіне деген сенімі маңызды рөл атқарғаны атап өтілген.
Goldman Sachs Group сарапшыларының айтуынша, TSMC өзінің толық жылдық кірісінің өсу болжамын 2025 жылдың екінші тоқсанындағы қаржылық нәтижелерінде шамамен 30%-ға дейін көтерді, өйткені ол озық технологияларға оптимистік көзқараспен қарайды, AI тұтынушыларының сұранысы баяулау белгілерін көрсеткен жоқ.
TSMC-тің 2025 жылдың екінші тоқсанындағы кірісі сәйкес кезеңмен салыстырғанда, 39 пайызға артып, 933,79 млрд жаңа Тайвань долларын ($31,7 млрд) құрады. Таза пайда 61%-ға жуық өсіп, 398,27 млрд Тайвань доллары ($13,5 млрд) құрады.
Анықтама үшін: Taiwan Semiconductor Manufacturing Company (TSMC) - әлемдегі ең ірі жартылай өткізгіш (чип) өндіруші. Apple және Nvidia сияқты технологиялық алыптардың негізгі жеткізушісі.
Еске сала кетейік, Apple құны 3 трлн доллардан асты.