Азиада: Абиба Әбужақынова, Эсмигүл Куюлова және Сәкен Бибосынов бала кезінде көрші тұрған

коллаж
Фото: ҚазАқпарат

Қытайдың Ханчжоу қаласында өтіп жатқан Азия ойындарында жүлдегер атанған ел спортшылары Абиба Әбужақынова, Эсмигүл Куюлова және әлі де сайыс жолындағы Сәкен Бибосынов бір ауылдан әрі бала кезінде көрші тұрған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталған үш спортшы да Өзбекстанның Шыршық ауданына қарасты Табақсай аулында дүниеге келген. Бұл ақпаратты ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбаты барысында Абиба Әбужақынова растады.

«Иә, Сәкен мен Эсмигүл менің көршілерім. Эсмигүлмен жақсы араластық, ал Сәкенді ол кезде танымайтын едім. Кейін таныстым. Ол бокспен айналысты, мүмкін содан кейін бір-бірімізді білмеген шығармыз. Негізі Сәкен екеуміз руласпыз», - деп ҚазАқпарат тілшісінің сауалына жауап берді спортшы Абиба Әбужақынова.

Тоқтала кетсек, Олимпиада жүлдегері Сәкен Бибосынов 13 жасында Өзбекстаннан Қазақстанға көшіп келген. Абиба Әбужақынова да бойжеткен шағында тарихи отанына оралып, Алматыдағы республикалық спорт колледжіне оқуға түскен. Сәкен мен Абиба құрдас, аралары бір күн. Боксшы С.Бибосынов 1997 жылы 3 шілдеде туса, дзюдошы Абиба Әбужақынова 1997 жылы 4 шілдеде дүниеге келген. Ал Эсмигүл Куюлова 2002 жылы 11 мамырда туған.

Бүгінде дзюдошылар Абиба Әбужақынова мен Эсмигүл Куюлованың Азия ойындарындағы кездесулері аяқталды. Алғашқысы ел қоржынына күміс медаль салса, екіншісі тұғырға үшінші болып көтерілді.

Қос бірдей жүлдегердің көршісі болған былғары қолғап шебері Сәкен Бибосынов 25 қыркүйекте Азия ойындарында алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Осылайша, қазақстандық боксшы келесі айналымға өтті. 

Соңғы жаңалықтар