Азиядағы ең бейбіт бес ел анықталды
АСТАНА. KAZINFORM — Моңғолия 2025 жылғы Ғаламдық бейбітшілік индексі (GPI) бойынша Азиядағы ең бейбіт және қауіпсіз бес елдің бірі болып танылды, деп хабарлайды Монцамэ.
Индекс Аустралиядағы Экономика және бейбітшілік институты (IEP) тарапынан жыл сайын жарияланып, әлемнің 160-тан астам елін 20-дан аса критерий бойынша бағалайды. Оларға әлеуметтік тұрақтылық пен қауіпсіздік, ішкі және сыртқы қақтығыстардың болуы, милитаризация деңгейі сияқты факторлар кіреді.
Ғаламдық бейбітшілік индексі елдерді 1-ден 5-ке дейінгі шкала бойынша бағалайды, мұндағы төмен балл бейбітшіліктің жоғары деңгейін білдіреді. Индекс елдерді үш негізгі көрсеткіш бойынша іріктеп, орын береді:
-
Тұрақтылық пен қауіпсіздік деңгейі,
-
Қақтығыстардың болуы және олардың ауқымы,
-
Милитаризация деңгейі.
Соңғы онжылдықта Моңғолияның көрсеткіштері жақсарды, және ел тұрақты түрде әлемнің үздік 50 елі қатарына кіреді. Мысалы, 2015 жылы Моңғолия әлемде 42-орында тұрған (көрсеткіші 2,22), ал 10 жылдан кейін индекс көрсеткіші 1,71-ге жақсарып, Азияда 5-орынға, ал әлемде 163 елдің ішінде 37-орынға шықты.
Азиядағы рейтингте бірінші орында Сингапур тұр, оны Жапония, Малайзия және Бутан және кейін Моңғолия жалғастырады.
Есепке сәйкес, Моңғолия аймақта саяси тұрақтылығы, сыртқы қақтығыстардың аз болуы және әлеуметтік қауіпсіздік жүйесі үшін ең жоғары бағаларды алды.
Бұдан бұрын Қазақстан әлемдік ЖІӨ өсіміне үлес қосатын ТОП-25 елдің қатарына енгенін жазған едік.