Азиядағы ынтымақтастық диалогына мүше-мемлекеттері Сыртқы істер министрлерінің кеңесі өтеді

Бұл туралы бүгін Сыртқы істер министрлігінде өткен брифинг барысында мәлім болды.
«Аталған шара барысында энергетика және энергетикалық қауіпсіздік, ақпараттық технологиялар, азиялық қор биржасын құру, көлік, ауыл шаруашылығы, қоршаған ортаны қорғау, туризм, шағын және орта бизнесті дамыту, мәдениетаралық диалог секілді негізгі салалардағы ынтымақтастық мәселелерін талқылау көзделуде. Жоғары лауазымды тұлғалар отырысы мен Азиядағы ынтымақтастық диалогына мүше-мемлекеттері Сыртқы істер министрлерінің 11-інші кеңесіне Қазақстан тарапынан бір топ делегация қатысады», - дейді СІМ ресми өкілі Алтай Әбибуллаев.
Еске сала кетсек, Азиядағы ынтымақтастық диалогы - Азиядағы саяси және экономикалық ынтымақтастықтың түрлі бағыттарындағы өзара ықпалдастық мәселелері бойынша диалог, консультациялар, шешім қабылдау және консенсус негізінде шараларды жүзеге асыруға арналған мемлекетаралық форум болып табылады. Оған Азия мен Таяу Шығыстың 32 мемлекеті, атап айтқанда: Ауғанстан, Бангладеш, Бахрейн, Бруней, Бутан, Вьетнам, Үндістан, Индонезия, Иран, Қазақстан (2003 ж. бері), Камбоджа, Қатар, Қырғызстан, Қытай, Корея Республикасы, Кувейт, Лаос, Малайзия, Моңғолия, Мьянма, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман, Пәкістан, Ресей Федерациясы, Сингапур, Сауд Арабиясы, Тәжікстан, Таиланд, Өзбекстан, Филиппин, Шри-Ланка және Жапония кіреді.
Азиядағы ынтымақтастық диалогын құру туралы идеяны Таиланд Корольдігінің Премьер-министрі Таксин Шинаватра ұсынған болатын және бұл бастама алғаш рет 2000 жылдың 17-20 қыркүйегінде Манила қаласында (Филиппин) өткен Азиялық саяси партиялардың бірінші халықаралық конференциясында айтылды. Қазақстан Республикасы АЫД жобалық өлшемдерінің үш саласында, атап айтқанда ауыл шаруашылығы, көлік және энергетика бойынша тең-үйлестіруші болып табылады.