Әзілхан Нұршайықовты әдебиет әлеміне көтерген космодром

ПАВЛОДАР. KAZINFORM - «Махаббат, қызық мол жылдар» романын білмейтін жан кемде-кем. Роман авторы, Қазақстанның Халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың осы кітапты жазуына Павлодар облыстық «Saryarqa samaly» (бұрынғы «Қызыл ту») газеті себеп болған екен.

әдебиет
Фото: М.Аяғановтың жеке архивінен

Ә.Нұршайықов Павлодар облыстық «Қызыл ту» газетіне 1953-1956 жылдар аралығында редакторлық еткен. Қаламгер осы уақыт ішінде аудандардағы еңбеккерлер туралы очерктерді бұрқыратып жазып, өңірлік публицистиканың дамуына зор еңбек сіңірді. Кейін осы жазбаларының басын қосып, «Алыстағы ауданда» атты кітабын шығарды. Бұл газет редакторының болашақта жазушылыққа көшуінің басы еді. Ә.Нұршайықов кейін берген сұхбаттарында «Махаббат, қызық мол жылдар» романының алғашқы сюжеттері Павлодар жерінде жүргенінде ойға келгенін ашып айтады. 

әдебиет
Фото: М.Аяғановтың жеке архивінен

«Тіпті көшеде келе жатып, ойға түскен нәрсемді ұмытып қалармын деген оймен орта жолда тоқтай қалып, қойнымдағы блокнотқа түртіп қоятынмын. Сырттай қараған адамға бұл қимыл-әрекетім есі сау емес адамды елестеткен де шығар. Бірақ шығармашылықпен ауыру деген бір бөлек әңгіме ғой», - дейді.

Мұның барлығы Нұршайықов шығармаларын іздеп оқыған оқырмандарға белгілі. Әрине, қазақ еліне әйгілі болған романның алғашқы тараулары Павлодар жерінде туғаны – жергілікті халық үшін ерекше мақтаныш. 

әдебиет
Фото: 1930 жылдардағы редакция. М.Аяғановтың жеке архивінен

Жазушы бұл туралы өз естелігінде: «Павлодар жері мені әдебиет әлеміне көтерген космодромым» деп жазып кеткен.

Биыл әйгілі қаламгер редакторлық еткен «Saryarqa samaly» газетіне 95 жыл толып отыр. Керекудегі ақпарат саласының ай-күніне айналған облыстық басылым 1929 жылдың 15 ақпанынан шыға бастаған. 

әдебиет
Фото: 1985 жылғы ұжым. М.Аяғановтың жеке архивінен

Басылым ең алғаш «Кеңес туы» деген атаумен жарық көрген. Басылымның негізін ғұлама ғалым, әдебиеттанушы Бейсенбай Кенжебаевтың өзі қалап, тұңғыш редакторы болды. Алғаш араб әрпімен, кейін латынша графикамен жарық көрген. Алғашқы нөміріне Бейсенбай Кенжебаев, Әмірғали Епмағамбетов және Кәрім Әжібеков қол қойған.

1930-1940-шы жылдары редакцияның дамуына Әубәкір Аяпбергенов, Балтабек Асанов, Жұмат Досқараев, Әбілқайыр Баймолдин, ағайынды Сағынбай, Зейін Шашкиндер, Зікірия Абдуллин, Сұлтан Лепесов және тағы да басқа жерлес қаламгерлеріміз зор үлесін қосты. 

әдебиет
Фото: М.Аяғановтың жеке архивінен

Өңірлік газетте көптеген белгілі тұлғалар қызмет етті. Кейінгі толқынмен ақын-жазушылар Қалмұқан Исабаев, Қалижан Бекхожин, Қабдыкәрім Ыдырысов, Рамазан Тоқтаров және өзге де қаламгерлер басылыммен шығармашылық байланыста болған, тырнақалды өлеңдері жарияланған. Редакцияда сондай-ақ ақын Есентай Ерботин, қаламгер Мейрам Асылғазиндар еңбек етті.

Газет өз тарихында үш мәрте атау ауыстырған. «Кеңес туынан» соң 1930 жылы «Колхоз», кейінірек «Қызыл ту», ал 1991 жылдан «Сарыарқа самалы» аталды. 

әдебиет
Фото: Қалмұқан Исабаевпен кездесу. М.Аяғановтың жеке архивінен

Газетте 90-шы жылдары жұмыс істеген аға буын журналистер Әжібек Жүсіпов, Мұхамеджан Дәуренбеков, Айтжан Бәделхан, Төлеубек Қоңыров, Қажымұрат Смағұлов, Тұрсынбай Ибадуллин, Бақыт Баймұратов, Өскенбай Тастемханов, Ғалымбек Жұматов, Шолпан Байғалы, Фарида Бықай, Социал Әйтенов, Мүбәрак Жаманбалинов, Арман Қани, Нұртөре Жүсіп, Ғалым Омархан және басқаларының сол тұстағы шығармашылық ізденістері мен бастамашыл ойлары оқырман қауымға жақсы таныс. Көп қиындыққа қарамастан журналистер қаламдарын ұштап, ел өмірінен тереңнен сыр шерте алды. Халықты серпілтіп, жақсылықтың нұрын септі. 

әдебиет
Фото: Ақын Қ.Бекхожинмен кездесу. М.Аяғановтың жеке архивінен

Бейсенбай Кенжебаевтан кейін газетке әр жылдары Ғалым Малдыбаев, Хамза Сыздықов, жазушы Әзілхан Нұршайықов, Омарғали Құдышев, Сұбыхан Шошанов, Балтабай Сейсенбеков, Әлқожа Мұхамеджанов, Мұхит Омаров, Асыл Әбішев редакторлық етті. Редакция ұжымына бүгінде аймағымызға танымал қаламгер Нұрбол Жайықбаев басшылық етіп отыр. 

әдебиет
Фото: Алғашқы нөмір. М.Аяғановтың жеке архивінен

Басылымның таралымы 2014-2015 жылдары 50 мың данаға дейін өскен уақыты болған. Бұл жетістігі үшін 2014 жылы ұжым Қазақстан Журналистер академиясының жалпыұлттық сыйлығы «Алтын жұлдыз» дипломымен марапатталса, ал 2022 жылы «Үркер» жалпыұлттық журналистика сыйлығын «Үздік өңірлік БАҚ» аталымында жеңіп алды. 

әдебиет
Фото: 2000 жылдар. М.Аяғановтың жеке архивінен
әдебиет
Фото: 2009 жыл. М.Аяғановтың жеке архивінен
әдебиет
Фото: 2014 жыл. М.Аяғановтың жеке архивінен
әдебиет
Фото: Бүгінгі ұжым. М.Аяғановтың жеке архивінен

 

Соңғы жаңалықтар