Әзербайжан мен Армения бастапқы бейбітшілік келісімінің мәтінін жариялады
АСТАНА. KAZINFORM — Әзербайжан мен Армения 17 тармақтан тұратын парафирленген бейбітшілік келісімінің мәтінін ресми түрде жариялады. Құжат екі елдің Сыртқы істер министрліктерінің ресми сайттарында орналастырылды, деп хабарлайды Kazinform тілшісі.

Келісімге параф қою рәсімі 8 тамызда АҚШ-тың Вашингтон қаласында, Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев пен Армения премьер-министрі Никол Пашинянның сапары барысында өтті.
Құжат мәтініне сәйкес, тараптар тұрақты және әділ бейбітшілікті, тату көршілік қатынастарды және халықаралық құқықты құрметтеуге ниет білдірді.
Құжат жобасында, атап айтқанда, мынадай ережелер көзделген:
Аумақтық талаптардан бас тарту. Армения мен Әзербайжан бір-бірінің егемендігі мен аумақтық тұтастығын ресми түрде мойындайды және болашақта осындай талаптар қоймауға міндеттенеді.
Күш қолдануға тыйым. Екі тарап та екіжақты қатынастарда күш қолданудан немесе оны қолданамын деп қорқытудан бас тартады.
Үшінші тараптарды қоспау. Екі мемлекеттің ешқайсысы ортақ шекара бойында үшінші елдердің қарулы күштерін орналастырмайды.
Шекараны делимитациялау. Екі ел арасындағы шекаралар бөлек келісім және арнайы комиссиялардың жұмысы негізінде айқындалып, демаркацияланады.
Қауіптерге бірлесіп қарсы тұру. Тараптар сепаратизмнің, терроризмнің, экстремизмнің және кемсітушіліктің барлық көріністерін айыптайды және бұл құбылыстарға өз ұлттық юрисдикциялары аясында қарсы күрес жүргізуге міндеттенеді.
Халықаралық құқықтың үстемдігі. Ұлттық заңдар бейбітшілік келісімінің ережелерін орындамауға сылтау ретінде пайдаланылмайды.
Бақылау комиссиясын құру. Әзербайжан мен Армения келісім шарттарының орындалуын қадағалайтын екіжақты комиссия құрады.
Халықаралық істерді қайтарып алу. Құжат күшіне енгеннен кейін бір ай ішінде тараптар бір-біріне қарсы халықаралық инстанцияларда берілген барлық сот істері мен шағымдарын қайтарып алуға және жаңаларын бастамауға міндеттенеді.
Болашақтағы ынтымақтастық мүмкіндігі. Келісім экономика, көлік, мәдениет және гуманитарлық өзара іс-қимыл салаларында қосымша келісімдер жасасу мүмкіндігін қарастырады.
Бейбітшілік келісімі ішкі құқықтық рәсімдер аяқталып, тиісті хабарламалар алмасқаннан кейін күшіне енеді. Ол әзербайжан, армян және ағылшын тілдерінде жасалды, ал келіспеушілік туындаған жағдайда ағылшын тіліндегі нұсқаға басымдық беріледі.
Еске сала кетейік, 8 тамызда Әзербайжан президенті, Армения премьер-министрі және АҚШ президенті Баку мен Ереван арасындағы қатынастарды бейбіт жолмен реттеу туралы бірлескен декларацияға қол қойды.
Кейін Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев АҚШ жағына Әзербайжан мен Армения арасындағы бейбітшілік келісіміне қол жеткізудегі маңызды рөлі үшін алғыс білдірді.