Азық-түлік бағасының өсу негізділігі тексеріледі – агенттік

НҰР-CҰЛТАН. ҚазАқпарат - Әлеуметтік маңызы бар өнімдер бағасының өсу негізділігі тексерілетін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігіне сілтеме жасап.

Азық-түлік бағасының өсу негізділігі тексеріледі – агенттік

2021 жылдың басынан бастап монополияға қарсы орган бағаларды төмендету туралы хабарламаларды орындамаумен байланысты екі нан өндірушіге, екі күнбағыс майын өндірушіге және екі сауда желісіне қатысты 6 тергеп-тексеру тағайындады.

Ағымдағы аптада жаңа ден қою шаралары қабылданды. Бағаларды төмендету туралы 25 хабарлама жіберілді:

- 13 жұмыртқа өндірушіге;

- 7 күнбағыс майын өндірушіге;

- 2 қантты көтерме саудада жеткізуші;

- 3 қарақұмық жармасын көтерме саудада жеткізуші.

Осы тауар позициялары бойынша 2 айда бағаның ең жоғары –3-тен 11%-ға дейін өсуі байқалды.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының (ӘМАТ), сондай-ақ жекелеген өңірлерде бағаның өсуі 3%-дан асқан тауар позициясы бойынша ақпарат сұратылды. Бұл нан, ұн, тауық етін, макарон (рожки), сүт, айран, сары май, сүзбе өндірушілер.

Бұзушылық белгілері анықталғаннан кейін 10 күн ішінде оларға қатысты ден қою шаралары қабылданатын болады.

Осылайша, ӘМАТ-тың 12 тауар нарығы және олардың барлық ірі өндірушілері мен көтерме жеткізушілері дерлік монополияға қарсы бақылаумен қамтылды.

Қалған тауар позициялары - бұл бағаның маусымдық өсуі бар жеміс-көкөніс өнімдері немесе өсу индексі өткен жылдың деңгейінен аспайтын тауар нарықтары.

Өз кезегінде, ауыл шаруашылығы өндірушілері бағалардың өсу себептері ретінде өлім-жітімге байланысты жұмыртқа өндірісі көлемінің 15%-ға қысқарғанын, жемшөп құнының 150%-ға артқанын, шикізат -күнбағыстың жаппай әкетілгенін, шикі күнбағыс майы құнының 30%-ға өскенін, шикі құрақ қант құнының 25%-ға өскенін, қарақұмық егіс алқаптарының 40%-ға қысқарғанын атап өтті.

Осыған байланысты, монополияға қарсы орган Үкімет әзірлейтін Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларын тұрақтандыру жөніндегі жол картасына ӘМАТ-тың әрбір проблемалық нарығы бойынша ұсыныстар енгізді.