Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету - Қазақстанды дамытудың басты шарттарының бірі - Г. Әбдіқалықова

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Қазақ ұлттық аграрлық университетінде ТМД елдерінің жетекші аграрлық жоғары оқу орындарының ректорлар Кеңесінің қорытынды отырысы болып өтті. Оған ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова, ТМД-ның 10 елінен 30-дан астам ЖОО ректорлары, «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» Коммерциялық емес акционерлік қоғамының өкілдері, Қазақстанның жетекші аграрлық жоғары оқу орындарының ректорлары, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ғылыми-зерттеу институттарының директорлары, тәжірибе-эксперименттік және тәжірибе шаруа қожалықтарының жетекшілері қатысты.
None
None

Отырыс алдында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова университет жанынан құрылған Агротехникалық хабты басқарудың ұйымдастырушылық құрылымымен танысты. Хаб ауылшаруашылық ғылымның теориясы мен тәжірибесі арасындағы байланыстырушы буын болып табылады. Сонымен қатар, Мемлекеттік хатшы пилотсыз аппараттар - дрондармен ауылшаруашылық алқаптарды алдын ала тексерумен айналысатын Тұрақты егін шаруашылығы орталығының ашылу салтанатына қатысты.

Ал Кеңес отырысында сөйлеген сөзінде Гүлшара Наушақызы ауыл шаруашылығын дамыту - Қазақстан үшін ерекше маңызға ие екендігін атап өтті.

«Бүгінде Қазақстан халқының 40 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Ауыл шаруашылығындағы егістік жерлердің көлемі әлемдік ресурстардың 4 пайызын құрайды. Біз әлем бойынша дәнді дақылдарды экспорттаушы ең ірі 10 елдің қатарына енеміз. Сондықтан, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету - Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының басты шарттарының бірі. Сол үшін, «Агробизнес-2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудағы басты міндет - агроөнеркәсіптік кешенді инновациялық жолға қою. Әрине, бұл үшін халықаралық ынтымақтастықты дамытып, елге инвестиция тарту қажет. Бұл жерде  ғылыми зерттеулер мен әзірлемелердің алар орны ерекше. Демек,  ректорлар Кеңесі бұл бағытта маңызды рөл атқарады», - деді Г. Әбдіқалықова.

Кеңес отырысы «Аграрлық білімнің ТМД кеңістігінде жаңғыруы» тақырыбында өтті. Онда жаңа аграрлық мамандықтарды ашу және бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу бойынша жұмыстарды ұйымдастыру, агроөнеркәсіптік кешенде жаңа технологияларды әзірлеу және таратудың заманауи, тиімді және бәсекеге қабілетті жүйесін құру, әлемдік білім беру кеңістігіне интеграциялану, Болон декларациясын жүзеге асыру, әлемдік білім беру кеңістігіне ену, жетекші аграрлық жоғары оқу орындарына шетелдік жастарды тарту, білім беру саласында халықаралық ынтымақтастықты дамыту мәселелері жан-жақты талқыланды.

Г.Әбдіқалықова Мемлекет басшысының Қазақстан халқына «Қазақстан-2050» Стратегиясы» атты жолдауында азық-түлік қауіпсіздігі ХХІ ғасырдың жаһандық он сын-қатері қатарына жататынын айтқанын жеткізді. Сондықтан азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету ұлттық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі ретінде Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде дамуының басты шарты болып табылады.

Мемлекеттік хатшы кеңес барысында Қазақ ұлттық аграрлық университеті жанынан құрылып жатқан ауыл шаруашылығындағы жаңа технологияларды дамыту мен трансферттеу ісімен мақсатты түрде айналысатын Агротехникалық хабты басқарудың ұйымдастырушылық құрылымымен танысты. Хаб ауыл шаруашылығы ғылымының теориясы мен тәжірибесі арасындағы байланыстырушы буын болып саналады. Бүгінгі таңда мұндай құрылымдар АҚШ, Аргентина, Бразилия, Израиль және Австралия елдерінде табысты жұмыс жүргізуде.

Соңғы жаңалықтар