«Азық-түлік корпорациясының» 600 млн.-нан астам теңгенің астығын ұрлаған ЖШС құрылтайшысы қамауға алынды

13 261,48 тонна астықты ұрлау фактісі бойынша «Пойма астық қабылдау кәсіпорны» ЖШС-ның басшыларына қатысты қылмыстық істі тергеуді жалғастыруда.
Облыс прокуратурасының баспасөз қызметінен хабарлағанындай, өткен жылғы 30 қарашада ЖШС директоры М.Иманғалиевке және өзге анықталмаған тұлғаларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 176-бабы 4-бөлігіне сәйкес, яғни сеніп тапсырылған аса ірі мөлшердегі бөтен мүлікті иеленіп алу және ысырап ету бойынша қылмыстық іс қозғалған болатын.
М.Иманғалиев қылмысты жасады деген күдікпен ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 132-бабы бойынша ұсталып, Орал қалалық ішкі істер басқармасы уақытша ұстау абақтысына орналастырылды. 10 желтоқсанда айыпталушыға қатысты Теректі аудандық сотымен қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
Тергеу барысында анықталғанындай, 2012 жылдың сәуір-тамыз айлары аралығында Иманғалиев заңсыз әрекетке барып, ЖШС-ның жалғыз құрылтайшысы Мұрат Жаркеевтің ауызша нұсқауы бойынша қандай да бір құжаттарды рәсімдеусіз тергеумен анықталмаған тұлғаларға корпорацияға тиесілі астықты бірнеше рет жөнелткен.
Тергеумен айып тағылған кезеңде М.Жаркеев өзінің қызметтік өкілеттігін пайдаланып, алдау арқылы және сенімге қиянат жасап, жоғарыда аталған астықтың іс жүзінде болмауы туралы қасақана үнсіз қалып, «Пойма астық қабылдау кәсіпорны» ЖШС ай сайын, 2012 жылдың сәуір айы мен тамыз айының аралығында «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ-ның алдында шот фактураларын шығаруды жүзеге асырған.
Соның салдарына «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» Ұлттық компаниясы» АҚ-ға жалпы сомасы 4 235 108 теңгеге аса ірі мөлшердегі материалдық залал келтірілген.
Осы факті бойынша М.Жаркеев пен М.Иманғалиевке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 177-бабының 4-бөлігі «б» тармағымен қылмыстық іс қозғалды.
Биылғы 8 ақпанда М.Жаркеев қылмыс жасады деген күдікпен ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 132-бабы бойынша ұсталып, Орал қалалық ішкі істер басқармасы уақытша ұстау абақтысына орналастырылды.
Сол күні оған ҚР ҚК 176-б., 4-б., «б» т., 177-б., 4-б., «б» т. бойынша айып тағылды және 11 ақпанда айыпталушыға қатысты Теректі аудандық сотымен қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы қолданылды.
М.Жаркеев және М.Иманғалиевтің қылмыстық әрекеттерімен «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ-ға келтірілген залалдың жалпы сомасы 601 001 708 теңгені құрады.